You are currently viewing Жеті мыңнан астам адамға қызмет көрсетті

Жеті мыңнан астам адамға қызмет көрсетті

  • Post category:Новости

Нұр-Сұлтан қаласынан шыққан «Жәрдем» пойызы шілдеде бір ай бойы Ақтөбе облысын аралады. 29 маусымнан жұмысын бастаған көшпелі емхана шалғайдағы станциялар мен оларға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізді.

Осы күнге дейін 12 станцияны аралаған консультациялық-диагностикалық пойыз мамандары 7032 тұрғынға қабылдау жасады, оның ішінде 2693 бала бар.

Жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп іске асырып отыр. Теміржолшылар тарапынан медпойызда барлық жағдай жасалған.

Медицина қызметкерлері мүмкіндігінше көп пациент қабылдауға, оларды тексеруге, ем тағайындауға және қажет болған жағдайда аудандық немесе облыстық ауруханаларға жолдама беруге тырысты. Ауылдағы тұрғындардың дені терапевт дәрігердің көмегіне жүгінген. Сонымен қатар, офтальмолог және невропатолог мамандардан көмек сұрағандар да аз емес. Дәрігерлердің айтуынша, 11 кіші хирургиялық операция жасалған. Оның ішінде тіс жұлу, балаларды сүндеттеу оталары бар. Ақтөбе облысының тұрғындары медициналық пойызды қашан да тағатсыздана күтеді.

«Бүгін мен «Жәрдем» медициналық пойызының окулист дәрігеріне тексерілуге келдім, өйткені көзім көрмей барады. Ол денсаулық жағдайымды мұқият қарап, көз қысымын өлшеген соң ем тағайындады. Дәрігерден кеңес алғаныма өте қуаныштымын. Алыс аймақтарға дәрігерлердің өз аяғымен келіп, көмек көрсеткені қандай керемет, әсіресе ақылы тексерілуге мүмкіндігі жоқ адамдар үшін өте сауапты іс. Мұнда барлық маман, тіпті УДЗ және ЭКГ бар», – деп Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны Рахима Баянова өз әсерімен бөлісті.

Медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаева облыста жүргізілген жұмыстарымен бөлісті: «Дәрігерлер Бегімбет станциясында 1933 жылы туған тұрғынға екінші рет тексеру жүргізді. Алғаш рет кейуананы 2019 жылғы сапар кезінде тексерген едік. Ол кезде 89 жастағы Шайкен Бақытжанованың жамбас сүйегі сынған болатын. Биыл науқастың қызы хабарласып, анасының денсаулығын тексеріп беруді сұрады. Біз ападан анализ алып, бірінші науқастың жүрегін тексердік. Сосын оны хирург, травматолог, кардиолог, терапевт қарап, қажет ем-дом жазып берді. Шайкен апа медициналық пойыз дәрігерлеріне ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді. Одан бөлек Ақтөбе облысында созылмалы простатит, тізе буынының артрозы, варикоз, омыртқа остеохондрозы, қан қысымы, холецистит, панкреатит, цистит, аллергиялық ринит, созылмалы фарингит және отит, сондай-ақ тері аурулары өте жиі кездеседі».

«Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы бүгін Батыс Қазақстан облысындағы Семиглавый Мар станциясында жұмысын бастады. 9 тамызға дейін БҚО-ның 9 станциясын аралайды. 25-26 шілде Тасқала, 27-28 шілде Дерқұл, 29-30 шілде Переметная, 31 шілде мен 1 тамыз Белес, 2-3 тамыз Жайық, 4-5 тамыз Алғабас және 6-7 тамыз Амангелді станцияларында болып, 8-9 тамыз аралығында Шың- ғырлау бекетінде өз жұмысын аяқтайды.

Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе

Суретті түсірген автор