You are currently viewing БАТАЛЫ ЕЛ АРЫМАС

БАТАЛЫ ЕЛ АРЫМАС

  • Post category:Новости

Бір-бірімен қанаттас отырған Жамбыл жол және магистральдық желі бөлімшелері әкімшілік ғимаратта бірге Наурыз мерекесiн атап өтті

Ұлыстың ұлы күніне арнайы жайылған ақ дастарханға ардагер теміржолшылар арнайы шақырылып, төрден орын алды.
Көпшілік наурыз көже ішіп, шелпек пен бауырсақ жеп, биші кыздардың өнерін тамашалады. Кәсіподақтың ұйымдастыруымен түрлі байқаулар өтіп, жүлдегерлерге марапаттар табыс етілді.
Одан әрі шара ұлттық спорттық ойындарға ұласты. Оза шауып бәйге алған теміржолшылар қатары мол болды.
Дартстан Светлана Құттымбекова оза шапса, кір тасын көтеруде Азамат Есіркепов жүлделі болды. Ал арқан тартуда Жамбыл қалпына келтіру пойызы жігіттерінің мерейі үстем болды.
Ал Жамбыл локомотив пайдалану депосының ұжымы Наурыз мерекесіне орай «Ақ жол» дәмханасында дастархан жайып, қызметкерлерімен қатар депо ардагерлерін шақырды. Көпшілікті Жамбыл бөлімшесі директорының орынбасары Әділ Түсіпов, бас инженер Дүйсен Сыдықов, кадрлар бөлімінің басшысы Меруерт Бейсенбекқызы, депо директоры Қуат Молдабаев, Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Сәменов және сала ардагері Жапар Исаев құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Көптен бері бірін-бірі көрмеген ардагерлер емен-жарқын әңгімелесіп, ән тыңдап, бір жасап қалғандарын жеткізіп, жастарға батасын берді. «Баталы ел арымас» демекші, қартын қадір тұтқан елдік дәстүр осылай көрініс таба берсе игі…

Ерман ӘБДИЕВ,
Тараз
Суретті түсірген автор