Вы сейчас просматриваете Еңбек қауіпсіздігі бойынша семинар өтті

Еңбек қауіпсіздігі бойынша семинар өтті

  • Рубрика записи:Новости

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – «Жүк тасымалы» ЖШС филиалы «ЖТ-Жамбыл бөлімшесі» еңбек қауіпсіздігі және экология саласындағы жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында арнайы семинар өткізді.
«Жазатайым оқиғалардың алдын алу және ескерту» тақырыбын қозғаған семинарға еңбек және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне жауапты мамандар мен жетекші инженерлер қатысты.
Семинарда Жамбыл бөлімшесінің бас инженері Дүйсенбек Сыдықов арнайы ұйымдастырылған іс-шараның мақсатына тоқталып, теміржолда туындайтын қауіп-қатерлердің себептері мен салдары туралы ашық талқылауға шақырды.
Сондай-ақ еңбекті қорғау және экология бөлімінің бастығы Медет Қарымбаев, еңбекті қорғау инженері Әділет Түлеков, қоршаған ортаны қорғау инженері Мерей Беделбай еңбек және экологиялық қауіп-қатердің алдын алу бағытында бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға тоқталып, баяндама жасады.
– Семинарда жыл басында Шу-Шығанақ учаскесінің, Жиделі-Бірлік телімінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты анықталған деректер мен себеп-салдарлары сөз болды. Мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында 29 қаңтар мен 29 ақпан аралығында Жамбыл вагон пайдалану депосы «Еңбекті қорғау жөніндегі ерекше жұмыс режиміне» ауыстырылған болатын. Ал 25 қаңтар мен 25 ақпан аралығында Жамбыл бөлімшесінде «Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі» атты өндірістік жарақаттанудың алдын алу шараларын жүргізуге бағытталған айлық жарияланып, ол 27 наурызға дейін ұзартылып, бөлімшеде тиісті жұмыстар жүргізілген еді. Біз орын алған олқылықтардың түпкі себебін анықтап, кемшіліктер мен озық тәжірибелерді бөлісіп отыруымыз керек. Еңбек жағдайларын жақсарту, тәуекелдерді, қауіп-қатерлерді дұрыс бағалау – өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алудың негізгі жолы, – дейді Медет Қарымбаев.
Жалпы Жамбыл филиалы бойынша қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына жеткілікті қаражат бөлініп, ол толық игеріліп отыр. Қоршаған ортаны қорғау инженері Мерей Беделбайдың айтуынша, ҚТЖ бойынша жүргізілген «Батареяны өткіз де кірпіні құтқар» жобасы шеңберінде Жамбыл филиалы бойынша «Эко-РБК» компаниясымен келісім шарт жасалып, биылғы алты айда 55,5 келі батарея мамандандырылған кәсіпорындарға тегін және ақылы негізде кәдеге жарату үшін беріліпті. Бөлімшелерде пайдаланылған батареяларды жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылған.
Сонымен қатар, металл, пластик шыныларды, қағаздар қалдықтарын жинау және қайта өңдеу бойынша тиісті кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, бірқатар жұмыстар атқарылған. Жыл сайынғы экология қауіпсіздігі бойынша біліктілікті арттыру курсына 5 жауапты маман оқуға жіберіліп отыр.
Жиында жауапты қызметкерлердің бірінші жарты жылдықта атқарған жұмысы тыңдалып, екінші жарты жылдықтың жоспары бекітілді. Тағы бір айта кететіні, 10, 20, 30 жылдан астам уақыт жазатайым оқиғасыз жұмыс істеген мекемелер анықталып, филиал директорының Алғыс хаты табыс етілді.
Үздік ұжымдардың қатарында 30 жылдан астам уақыт өндіріс жарақатын болдырмай, жазатайым оқиғалардың алдын алу және ескерту бойынша жұмысты тиімді ұйымдастырған Түрксіб станциясы тұр. Ал 20 жылда бірде бір өндірістік жарақат орын алмаған Шу станциясын және 10 жыл келеңсіз оқиға тіркелмеген Сарышаған айналмалы локомотив депосын да атап өткен жөн.
Ардақ Үсейінова