You are currently viewing Экоакция басталды

Экоакция басталды

  • Post category:Новости

Қызылорда темір жолында «Birge.Taza Qazaqstan» атты екі айлық экологиялық акция жүріп жатыр. Тазалық айы шеңберінде апта сайын сенбілік өткізу теміржолшылар үшін үрдіске айналған.

Өткен сенбіде Арғын Орымбаев басқаратын Қазалы вагон пайдалану депосының ұжымы жаппай сенбілікке шықты. Оған депоға қарасты Сексеуіл, Қазалы, Арал теңізі, Төретам, Жосалы, Қызылорда және Шиелі бекеттеріндегі техникалық қызмет көрсету қосындары да бір кісідей атсалысып, жұмыс алаңдары мен цехтарды тазалап, талапқа сай ретке келтірді. Олар өткен аптада мекеме аймағын күл-қоқыстан тазартса, бұл жолы ағаштар түбін қопсытып ақтап, су ағатын арықтарды ашты. Қураған ағаштар кесіліп, орнына жас көшеттер отырғызылды. Депоның инженерлік-техникалық құрамы өз жұмыс орындарына тазалық жұмыстарын жүргізіп, есік-терезелерді жуып, шаң-тозаңнан арылтты.

Кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытжан Ибрайым «Birge.Taza Qazaqstan» екі айлық экологиялық акциясы аясында депо бойынша жаппай өткізілген сенбіліктер де осы уақытта тоқтамайтынын айтты.

– “ҚТЖ-Жүк тасымалы” серіктестігінің “Батыс” филиалы Қазалы вагон пайдалану депосының барлық жұмысшы-қызметкерлері екі ай бойы сенбіліктер ұйымдастырып, тек жұмыс орнын, мекеменің іші- сырты мен ауласын таза ұстаумен шектелмей, жол бойы мен телімдердің айналасы да талапқа сай болып, экологиялық тазалық талаптарына сәйкестендіруге атсалысамыз, – дейді ұжым кәсіподағы төрағасы Бақытжан Ибрайым.

Сабырхан Сейілбекұлы, Қызылорда