Вы сейчас просматриваете Локомотив саласының майталманы

Локомотив саласының майталманы

  • Рубрика записи:Новости

Батыс өңірінің бірнеше депосында ізі қалған локомотив саласының майталман маманы Амандық Аралбеков өткен аптада зейнетке шықты.
Еңбек жолын Мақат локомотив депосында көмекші машинист болып бастап, машинист, машинист-нұсқаушы лауазымын атқарған кейіпкеріміз 2006 жылы Қандыағаш локомотив пайдалану депосына қарасты Әйтеке би айналым депосы бойынша депо бастығының орынбасары боп тағайындалады. Ал 2010 жылы Маңғыстау локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары болып келеді. 2014 жылдан бері Маңғыстау локомотив пайдалану депосы бастығының Жаңаөзен айналым депосындағы орынбасары қызметін атқарды.
Өткен жылы «Құрметті теміржолшы» атанған локомотив маманы қырық жылғы жемісті еңбек жолында «Адал еңбегі үшін» медалі мен Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарға ие болған.
Жалпы, Қазақстан теміржолының әр аймағында локомотив саласында еңбек етіп жүрген Аралбековтер әулетін бәрі біледі. Амандық ағамыз осы әулеттің жарқын бір өкілі.
Маңғыстау локомотив депосының басшылығы мен кәсіподақ ұйымы майталман маманға талай жылғы адал еңбегі үшін алғыс айтты, қазақи дәстүрмен шапан жауып, естелік сыйлықтарын табыстады. Әріптестері бейнетіңіздің зейнетін ұзағынан көріңіз деп тілек айтты.
Шахида Жұман