You are currently viewing Локомотившілер Кубокты жеңіп алды

Локомотившілер Кубокты жеңіп алды

  • Post category:Новости

Темір жол саласында өндіріспен қатар спортты дамыту шаралары да өзекті, түрлі жарыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Жуырда Батыс өңірінде шағын футболдан сайыс өтті.
Бұған дейін кәсіподақ ұйымының қолдауымен «Қазкөліккәсіп-2023» теміржол футбол лигасының Кубогына арналған шағын футболдан өңір теміржолшылары арасында іріктеу кезеңі өткен болатын. Енді сол сайыстың екінші туры өтіп, оған Батыс Қазақстан өңіріндегі командалар өзара сайысты. Турнирге Ақтөбе облысының ШЧ-3, Ақтау Құрық порты және ТЧЭ-3 Атырау командалары қатысты. Мұндай жарыстар жылда өтетіндіктен ойыншылар сайысқа психологиялық тұрғыдан алдын ала дайындалады. Содан да болар, қай спорт түрі болсын жарыс ерекше талас-тартыспен өтеді. Бұл жолы да үш команда бір-біріне оңайлықпен беріле қоймады. Ұпай жіберіп алғаны қарымта қайтару үшін шабуылды үдетіп, жаңа ойын тәсілдерін қолдануға көшеді. Оған жанкүйерлер де дем беріп, қолпаштап, қоштап отырды.
Ойын өте тартысты өтті. Еліміздің батыс аймағының кубогын жеңіп алу үшін ойыншылар барын салды. Әрине, бірінші орынды қашан да мықты ойын түрін көрсетіп жүрген Атырау локомотив депосының командасы жеңіп алды. 2-орынды Ақтөбе, ал 3-орынды Ақтау командасы иеленді. Енді Атырау локомотив командасы қазан айында Қызылорда қаласында өтетін «Қазкөліккәсіп-2023» Кубогының ақтық сайысында өнер көрсетеді.

Қосұйым Мұқашев