You are currently viewing Маңғыстауда Кәсіби білім сайысы өтті

Маңғыстауда Кәсіби білім сайысы өтті

  • Post category:Новости

Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясында «Кәсіби білім сайысы» атты байқау өтті.
Біліктілік бәйгесіне Маңғыстау теміржолының белгі беру және байланыс саласы бойынша алыс-жақын жерлерде еңбек етіп жүрген теміржолшылардан алты команда сынға түсті. Әрқайсысында үш адамнан, барлығы 18 жұмысшы қатысты. Олар төрт кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындап, күнделікті еңбек барысында кездесетін жұмыс жағдайлары мен болуы мүмкін ситуациялық сұрақтарға дайындықтарын көрсетті. Сайыс шарттарын орындай отырып, бір-бірінен тәжірибе алып, білмегенін үйренді.
– Жарыстағы төрт кезеңнің де мән-мағынасы, берері мол болатындай ұйымдастыруға тырыстық. Алғашында қатысушылар теміржол көлігіндегі техникалық пайдалану ережелері туралы нұсқаулық бойынша сұрақтарға жауап берді. Әрбір сұрақтың қиындығына қарай өзіндік ұпайлары есептелді. Екінші кезеңде теміржол көлігіндегі белгі беру туралы нұсқаулық бойынша бағдаршамдағы белгілердің көрсетілімдерінің мағыналарын табуы міндеттелді. Келесі шартымызда жан-жақты білімін жетілдіру мақсатында сканворд шешсе, соңғы турда практикалық тапсырмаларды орындады. Бұл қатысушылар үшін де тиімді байқау болды. Ұйымдастырушылар әрине қызметкерлердің білім деңгейін тексеріп, бағалайды. Ал сынға түскен жұмысшылар өздерін жетілдіріп, тәжірибе жинақтайды. Сондықтан мұндай жарыстар қай жағынан да өте пайдалы, – дейді дистанция кәсіподағының төрағасы Нұрбол Ғалымжан.
Сайыс нәтижесі бойынша үшінші орынды Ерсай – Боржақты, екінші орынды Үстірт – Бейнеу командалары алса, бірінші орын Маңғыстау станциясындағы электромеханик жігіттерге бұйырды. Олар 5-10 жылдық еңбек өтілі бар №16 бекеттің СОБ электромеханигі Наурыз Есбағанбетов, Маңғыстау станциясының байланыс электромеханигі Еркебұлан Сақыбек, Маңғыстау станциясының СОБ электромеханигі Ербол Ниетбаев.
Шахида Жұман