You are currently viewing Майдангер теміржолшы 100 жасқа толды

Майдангер теміржолшы 100 жасқа толды

  • Post category:Новости

Түркістан облысының Бадам станциясында майдангер теміржолшы 100 жасқа толды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы өкілдері ұсынған дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда облыс аумағында 152 588 ардагер есепте тұрады. Оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 12 майдангер болса, өңірде 4 092 тыл ардагері бар екен.

Гүл жайнаған жас шағын қан майданда өткізген еліміздегі санаулы қарияның бірі де, бірегейі бір кездері кәнігі теміржолшы атанған Қалмен Мұратұлы. Бүгін ол тұп-тура 100 жасқа толып отыр. Батагөй қария қазір Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылында тұрады. Өмірінің 35 жылын Арыс пен Бадам аралығындағы темір жол бойында өткізген оның зейнетке шыққанына 40 жыл толып отыр.

Ғасырмен құрдас Қалмен қарияны қарашаңырағына бір топ теміржолшылар мен оның ізбасар әрі әріптес іні-қарындастары, атап айтқанда, Шымкент жол бөлімшесінің директоры Нұрдәулет Байғазиев пен Шымкент жол бөлімшесінің кәсіподақ төрағасы Ермекбай Ерманов, Шымкент жол бөлімшесінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Нұртаев, теміржолшы зейнеткер Майра Бақбергенова мен Сади Сайрамбаев және «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Түркістан филиалының кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Дүйсебеков сынды азаматтар құттықтай барып, қарияның қуанышына ортақтасты.

Бүгінде Қалмен ата мәуелі бәйтерекке айналған тау тұлға. Олай дейтін себебіміз, ол өзінен тараған 6 ұл, 2 қызынан 35 немере, 72 шөбере сүйген майдангер. Елдегі темір жол саласында еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан үлкен ұлы – Жақыпқа дейін Қалмен атамыз бен оның жан-жары Ұмсын анамыздың 8 перзенті шетінеп кеткен екен. Ақсақалдың айтуынша, 1959 жылға дейін Арыс атырабындағы айтулы әулиенің бірі – Ақын Жақыптың кесенесіне түнеп, Құдайдан тілеп жүріп, кейінгі 8 перзентін құшағына басқан. Осылайша, 16 құрсақ көтерген Ұмсын анамыз 68 жасқа қараған шағында 1995 жылы жол апатынан бақиға аттаныпты.

Ал отбасын асырап, ұл-қызын жетілдіру жолында Қалмен Мұратұлы өңірдегі теміржол саласында еңбек етеді. Алдымен, Арыс вагон депосында, кейіннен Бөген станциясындағы мекемелерде 1984 жылға дейін қызмет етіп, тер төгеді. Бүгінде оның зейнетке шыққанына 40 жыл толып отыр. Қызығы сол, бұл бір адамның ұзаққа созылған қырық жылдық еңбек өтілі деп тамсансануға болатындай.

1942 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде 8-ші класты бітірген бозбала Қалмен әскер қатарына шақырылады. Әуелі Семейдегі Аягөз станциясында командирлік курста 6 ай оқып, сержанттық шен алады. Сол жылдың желтоқсан айынан бастап 1943 жылдың қазан айына дейін Аягөз маңындағы Сергиополь қалашығында жауынгерлерді соғысқа даярлау, оқу-жаттығу курсынан өткізумен айналысады. Ал қараша айында бірінші Беларусь майданында соғысқа қатысады. Кейіннен, Витебск қаласының маңында болған кескілескен шайқаста кейіпкеріміз госпитальға түсіп қалады.

«Біз Беларусь фронтына келгенде Ржов-Великрук деген сияқты көптеген қалаларды немістер басып алған екен. Жаяу әсер болсақ та, жауды шегіндірдік. Мен майданда минамёдпен жүретінмін. 1944 жылдың ақпан айында соғыс алаңында екі жерден жараландым. Бір оқ білезік буыныма тиіп жарақттап, ал екінші оқ сұқ саусағымды жұлып кетті. Дзержинский қаласындағы эвакуациялық госпитальде 2 айға жуық жатып, дәрігерлердің №336 шешіммен «ІІ топтағы мүгедек» деп танылдым. Сөйтіп, елге келіп, ақ адал маңдай терімізді төгіп, еңбек еттік. Құдайдың осы күнді көрсеткеніне мың да бір шүкіршілік етемін», – дейді мерейлі жүз жасты еңсерген Қалмен ақсақал.

Бүгінде Бөген ауылында тұрып жатқан ғасыр жасаған қарияның кенже ұлы Батыр Қалменұлының өзі елудің бесеуін еңсеріп, 56 жасқа аяқ басқан. Әскерилендірілген темір жол күзетінде қызмет ететін ол, Бөген станциясындағы жылжымалы құрамдар мен оған тиелген заттардың діттеген жерге аман жетуіне өз үлесін қосуда. Ол жан-жары Манзура екеуі бес бала мен қарияның күтімін жасап келеді. Қалмен қария кейде 8 сыныпта оқитын немересі Көркемді қасына шақырып ап, өзіне қызықты газет, журналды оқытатын көрінеді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,Түркістан облысы