You are currently viewing Маневрлік жұмыстың маңызы зор

Маневрлік жұмыстың маңызы зор

  • Post category:Новости

Әр тәулігі қарбаласқа толы Семей ЖТ бөлімшесінің тораптық станциялары үшін маневрлік жұмыстардың маңыздылығы жоғары болып тұр. Оған себеп те жоқ емес. Жазғы көмір тасымалының күрт қарқын алуы, Жарма өңіріндегі күрделі жөндеулерге байланысты жүк пойыздарын жол айрықтарында бөгемеу, қала маңы тасымалы бойынша жаңадан қосылған жолаушылар пойыздарын кестеден кешіктірмеу сынды жауапты міндеттер тұр.
Соның ішінде Жаңа-Семей және Семей станциялары бойынша пойыз құрастыру, сонымен қатар тастанды пойыздарды болдырмау шаралары да күн тәртібіне шығып отыр. Осы орайда семейлік қозғалысшылар қауымына айтарлықтай жауапкершілік жүктелген. Атап айтсақ, қазіргідей қауырт шақта маневрлік жұмыстарды жедел әрі сапалы түрде орындау қажет. Оның ішінде пойыздарды берілген уақыт ішінде өңдеу, жүк жөнелтушіден жүк жіберушіге дейінгі аралықтағы уақытта маневрлік тепловоздарды уақыт пен жанармай шығынысыз, үнемдеп, ұтымды пайдалану басымды орында тұр. Бұл ретте Семей өңірінде күрделі ахуал орнаған деуге болады. Алайда, соңғы тәуліктерде жергілікті теміржолшылар қауымы батыл әрі ұжымдасқан жұмыс жүргізіп, қалыптасқан жағдайдан шыға білді. Мәселен, ағымдағы жылдың 22 маусымынан 23-не дейінгі аралықта бір ғана тораптық Семей станциясында барлығы 11 пойыз құрастырылыпты. Ал жөнелтілуге 12 пойыз шығарылып, тағы 12 пойыз берілген кесте бойынша өз бағытымен аттандырылған.
Жүк тиеу бойынша да жоспар артығымен орындалды. Бұл орайда РЦУП-2 Алматы пойыз диспетчерлерінің де елеулі үлесі бар екенін айта кеткен жөн. Әйтсе де, Семей станциясының маневрлік диспетчері, маневрлік тепловоз машинистерінің еңбегі зор. Станция басында пойыз құрастыру, жолға даярлау ісінде шеберлік көрсеткен ТЧЭ-24 мекемесінің бес машинисі және техникалық қадағалау пунктінің аға вагон қараушысының айрықша қызметтері жоғары бағаланып, бөлімшенің басшысы Владимир Бабиченконың атынан Алғыс хат алып, мерейі өсті.
Бұл семейлік қозғалысшылар қауымының мейлінше қауырт қызметінің әрі соған қарамастан маневрлік жұмыстарды сапалы жүргізудегі жетістігін айғақтаса керек.
Бөлімше басшылығының сөзіне сүйенсек, қауырт әрі күрделі болғанына қарамастан өткен аптаның ішінде, яғни 19-25 маусым күндері аралығында бөлімше бойынша 321 755 тонна жүк тасымалданып, 13 617 жолаушы аттанған. Мұның барлығы – әлбетте бірінші кезекте өндіріс барысында маневрлік жұмыстарды сауатты атқарып, жүйелі түрде жолға қоя білген станциялық қозғалыс қызметі мамандарының еңбегі.

Қуаныш Қожаев