You are currently viewing Наурыз Абай елінде

Наурыз Абай елінде

  • Post category:Новости

Биылғы Наурыз мейрамы семейлік теміржолшыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Вокзал алаңына он шақты киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдардан тұратын дастархан жайылды. Мерекелік шараға жергілікті тұрғындар да келіп, теміржолшылар әзірлеген іс-шараларды тамашалады.
Семей теміржолының басшысы Алмас Сейсемқанов барша қауымды ұлық мейраммен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов биылғы наурызнама онкүндігінің мәніне тоқталып өтіп, елге береке-бірлік, ынтымақ-ырыс тіледі. Кезек теміржолшылар қауымының өз күшімен әзірлеген мерекелік концертке беріліп, ұлттық сипаттағы ән мен жыр төгіліп, нағыз мерекелік көңіл-күй қалыптасты.
Сонымен қатар теміржолшылар жылдағы дәстүрге сай тегін наурызкөже мен ыстық палау таратып, тұрғындардың ризашылығына кенелді. Ұлттық спорт түрлері ойнатылып, салт-дәстүрлер дәріптелді. Әсіресе асық ату ойыны мейлінше тартысты өтті. Оған ынта білдіргендердің қатары да мол болды. Барлық жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталып, түрлі сыйлықтарға ие болды.
Арнайы құрылған комиссия киіз үйлерді аралап, үздіктерін таңдап, жүлде тапсырды.
Қуаныш Қожаев