You are currently viewing «НАУРЫЗ» ПОЙЫЗЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

«НАУРЫЗ» ПОЙЫЗЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

  • Post category:Новости

Шығыс күнтізбесі бойынша күн мен түн теңеліп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін наурыз айы – жыл басы.
Наурыз мерекесіне орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ мерекелік «тосынсый» жасап, «Астана – Бурабай курорты» бағдарында ұлттық нақышта безендірілген электрпойызын жолға шығарды

– Бүгін біз Астана – Бурабай курорты бағдарында ұлттық нақыштағы қала маңы пойызын шығарып отырмыз. Бұған дейін Жаңа жыл және 8 наурыз алдында мерекелік пойыздарды шығарып едік. Бұл жоба халық тарапынан жақсы қабылданды. Жаңа жыл алдында шыққан ұлттық стильдегі жүрдек пойызбен 35 мың жолаушы тасымалданды. Біз бұл акцияны келешекте де жалғастырмақ ойдамыз. Әсіресе демалыс күндері туристік сапарға шыққандарға бұл ерекше тосынсый болып отыр. Бізде «БурабайДаму» туристік компаниясымен осындай бір күндік турды ұйымдастыру жобасы қарастырылған. Бір күндік тур үлкендерге 12 мың, балаларға 10 мың теңге мөлшерін құрайды. Меніңше, бұл туризм саласында жұмыс істеп жатқан басқа да кәсіпкерлерге ынталандыру болмақ. Олар да бұл акцияға қатысып, өзге де бағдарларға осындай пойыздардың жасақталуына атсалысады деген ойдамыз. Бүгінгі пойыздың безендірілуіне ұлттық қолөнершілер мен дизайнерлер қатысты, – дейді ҚР Спорт және мәдениет министрлігінің туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Мерекелік құрам күн сайын бір ай бойы жүретін болады. Пойыз елорданың «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан таңғы сағат 06.03 минутта, ал Астана-1 вокзалынан сағат 06:57 минутта жөнелтіледі. Жол бойында құрам үш станцияға – Ақкөл, Елтай және Макинкаға тоқтайды. Ал соңғы аялдамаға сағат 9:51 минутта келеді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ – «Қала маңы тасымалы» филиалы директорының міндетін атқарушы Сергей Балашов, жолаушылар жайлы сапарлау үшін вагондар ауа баптайтын қондырғымен, биодәретханамен жабдықталғанын айтады. Пойыз жолаушылары сапар үстінде ойын-сауық контентпен және пайдалы ақпаратпен жабдықталған vputi.kz мультимедиялық порталды пайдалана алады.
«Наурыз» электрпойызы – бұл «Жолаушылар тасымалы» АҚ, ҚР ПІБ «Бурабай Даму» ЖШС, Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының бірлескен жобасы. Ол ішкі туризмді насихаттау мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Сұлугүл БАКЕСОВА,
Астана
Суреттерді түсірген
Александр ЖАБЧУК