You are currently viewing Зорлық- зомбылыққа жол жоқ

Зорлық- зомбылыққа жол жоқ

  • Post category:Новости

Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жоюға байланысты Халықаралық акцияға үн қосқан ҚТЖ көлемінде қолға алынған шараны қызылордалықтар да қолдады.
«Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы шеңберінде Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінде арнайы іс-шара өтті.

Бөлімшенің Ажар Ерманова жетекшілік ететін кәсіподақ ұйымының белсенділері ұйымдастырған акцияда көз көріп, құлақ естіп жүрген келеңсіз жайттар, әйелдерге зорлық-зомбылық оқиғалары қатаң айыпталып, теміржолшылдарды мұндай келеңсіз жайдың орын алуына жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар теміржолшылар арасындағы татулық пен келісім салтанат құрған бақытты отбасыларды үлгі-өнеге ретінде насихаттауды да жөн санапты.
– Компания бойынша 25 қараша мен 16 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы өтуде. Акция мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау, жолын кесу, ана мен баланың өмірін қорғау, адам саудасына жол бермеу,
құлдыққа салудың жолын кесу, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау, – дейді персонал жөніндегі менеджер Салтанат Махмутова.
Бақытты отбасын насихаттау акциясын кәсіподақ белсенділері Қазалы мен Төретам станциясында жалғастырды. Бақытты отбасыларға сөз беріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себеп-салдары, оның алдын алудың жолдары сөз болды. Әрине, ел іші болған соң ала да, құла да болатыны
рас, сондықтан кәсіподақ белсенділері тарапынан жақсыны көрсету, игілікке жетелеу, ынтымаққа шақыру, отбасы құндылықтарын үлгі ету қадамдары көпшілікке оң әсер сыйласа керек. Алдағы уақытта жоспарланып отырған кәсіби мамандармен кездесу кеші, зиялылармен пікірлесу жиыны секілді отбасылық құндылықты сақтап, құрметтеу бағытындағы жоспарлы шаралар өз жемісін береді деген сенім мол.
Мәселен, кәсіподақ белсенділері Қазалы қалпына келтіру пойызының жұмысшысы Бақытбек Тілеуқабыл, Төретам вокзалының кезекшісі Ақбаян Берденова және басқа да өнегелі теміржолшылардың отбасы жайлы бейнетүсірілімдер жасап, үлгі етуді ұстанып отыр.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда