You are currently viewing Нұрлы жолда өткен  дүбірлі  думан

Нұрлы жолда өткен дүбірлі думан

  • Post category:Новости

Шығыс халқының жыл қайыруында күн мен түн теңеліп, жаңару мен жаңғырудың бастауы болған әз Наурыз мейрамын теміржолшылар қауымы ерекше атап өтті. «Нұрлы жол» теміржол вокзалы кешені аумағында алты қанат ақ шаңқан киіз үйлер тігілген этноауылда өткен наурыз думаны елордалықтар есінде ұзақ уақыт сақталары анық.

Әрбір киіз үй жанында қазанда буы бұрқырап ет асылып, палау пісіріліп, шоқ самаурынның түтіні бұрқырап жатты. Күннің бет қаритын ызғарына қарамастан қызылды-жасылды ұлттық қиім киген халықтың көңіл күйі жоғары, көңілдері көтеріңкі. Бұл жерде найзасы мен қалқанын қатар ұстап, дулығасы басында, ақ сауыты үстінде бойы екі метрлік алып тұлғалы батырларды да, құмай тазы жетектеген саятшылар мен қолына қыран бүркіт қондырған құсбегілерді де кездестіресіз, алтыбақан тепкендердің қызығы өз алдына бір бөлек.

Теміржолшылар биылғы мерекені «Наурыз – көктем шуағы!» атауымен атап өтті. Осы тақырып аясында ұлттық компанияның еншілес ұйымдары мен филиалдары Наурызды жоғары деңгейде атап өтуге тың дайындық жасап, әрқайсысы ұлттық салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарды қамтитын қойылымдар қойды. Айтыс дегенде ішкен асын жерге қояр қазақ, бұл жолы да тапқырлық пен шешендіктің, маржан сөз бен ұтқыр ойдың қазынасы саналатын қыз бен жігіт айтысының куәгері болды. «Жолаушылар тасымалы» компаниясының суырып салма ақындары Данияр мен Шолпан әзіл-қалжыңы мен ащы шындығы астарласқан әдемі сөз қақтығысу ұйымдастырып, жұрт қошеметіне бөленді.

...Айшолпан қасымызға жақын келді,

Семейдің арулары батыр келді.

Ағайын қарсы алыңдар дәл қасыма,

Тальгоға сыймайтұғын ақын келді, – деп Данияр Айшолпан қыздың толықша келген денесін нысанаға ала отырып, «Тальго» пойызының да тар екенін қағытып өтсе,

…Ағайын Томиристей батыр- мын ғой,

Купенің Тальгосына сыймай-тұғын,

«Грузовоймен» жүретін ақынмын ғой, – деп ақын қыз да есесін жібермеді.

Бұдан кейін дүйім жұрт «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның сәбилі болғандарына сүйінші сұрап, тәттілерден шашу шашып, бөбекті бесікке салған салт-дәстүрін тамашаласа, тұсау- кесер дәстүрін «ҚТЖ Экспресс» мекемесінің ұжымы көрсетті. Ал «Қазтеміртранс» АҚ қызға сырға салып, құда түсу дәстүрін паш етсе, Магистральдық желі дирекциясы үкілеп өсіріп отырған ару қыздарын қазақтың жөн-жоралғысымен ақ баталарын беріп, «Кедентранссервис» АҚ ауылына ұзатты. Сөйтіп ЦЖС пен КДТС мерекелік қойылым бойынша да, шын мәнінде (екі жас, расында да, Алланың қалауымен жақын күндері бас қосқалы отырған жұптар екен, авт.) төс қағысып, құдаласты. Өз кезегінде, Кедентранссервистің азаматтары да аянып қалған жоқ. Беташарды барынша жоғары деңгейде ұйымдастырып, келіннің иіліп сәлем салғанына ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаевтан бастап көрімдік берді. Атап өтерлігі, беташардан түскен барлық ақша мекеменің мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына берілетіні мәлім болды.

Наурыз мейрамын бұқаралық тойлауға арналған алаңдардың бірінде қонақтар дәмі тіл үйірер бауырсақ, палау, наурыз көжеден дәм татса, спорт алаңында теміржолшылар арқан тарту, асық ату, кір тасын көтеру, қол күресі сияқты ұлттық ойын сайыстарында күш таластырып, бақ сынады.

Сонымен қатар, бұл күні теміржолшылардың балаларына да өз өнерлерін ортаға салу мүмкіндігі туды. Яғни балғындар мен жасөспірімдер алаңында балалар ләңгі тебу, асық ату сайыстарына қатысып, қазақ халқының мәдениеті мен тарихы бойынша білімдерін таразыға салған викторина, аквагрим аймағында түрлі әрлендіру шараларында бақ сынады.

Ал көңіл сергіту алаңында жұртшылық Қыдыр ата мен Жер-ананы күтіп алып, ақ батасын алатын театрландырылған қойылымды, билер мен ән-күйлерден құралған мерекелік концертті тамашалады.

Сұлугүл БАКЕСОВА, Нұр-Сұлтан

Суреттерді түсірген

Александр Жабчук