Рашидке тапсырыс береді

  • Post category:Новости

Рашид Ақсанов Шу белгі беру және байланыс дистанциясының «Бірлік» станциясында аға электромеханик болып жұмыс істеген. Осыдан бірнеше жыл бұрын өндірісте алған жарақаты салдарынан еңбекке жарамсыз болып қалды.

Дистанция бастығы Қайрат Сазаев пен бас инженер Бақдәулет Базарбайұлы, аға диспетчер Құралбек Әбушакиров бастаған топ Дүниежүзілік еңбек қорғау күнінде кешегі әріптестерінің шаңырағына бас сұғып, хал-жағдайымен танысты, әлеуметтік себет тапсырды.

Рашид Ақсанов бүгінде денсаулығының осалдығына қарамастан қол қусырып отырған жоқ көрінеді, әу бастан темір-терсекке үйір жігіт тұрмыстық техникаларды жөндеуге машықтанып, ауыл тұрғындарының қажетін өтеп отыр. Шағын цехы да бар. Сонымен қатар өзі құрастырған «ннкубатор» аппаратымен балапан шығарып, оны да тұрғындарға сатып, шағын кәсібін дөңгелетуде.

– Осындай жігерлі жігіттердің өмірге деген талпынысы қуантады. Рашид біздің білікті қызметкеріміз болатын. Енді, міне, мүмкіндігі шектеулі болса да, тыным таппай тіршілігін жасап, тұрмысын түзеп отыр. Байқасаңыз, әрбір ауыл тұрғынының тапсырысы бар, кезекке тұрғандары қаншама, біз де Рашидке тапсырыс беріп қайттық, – дейді дистанция басшысы.

Ерман ӘБДИЕВ, Шу