КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

  • Post category:Новости

Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде бастауыш кәсіподақ ұйымының кезектен тыс есеп беру-қайта сайлау конференциясы өтті. Оған бөлімшеге қарасты мекемелерден барлығы 24 делегат қатысты.
Кәсіподақ төрағасы Н.Нұрышевтің баяндағанындай, бүгінде бөлімше кәсіподақ ұйымының құрамында 2374 мүшесі бар, олар 11 шеберхана комитеті мен 15 кәсіподақ тобына біріккен. 1121 зейнеткер тіркелген.
Өзі төрағалық еткен 2020 жылдың тамызы мен 2023 жылдың ақпаны аралығында 61 отырыс өтіп, онда мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу, қызметкерлер мен зейнеткерлердің әлеуметтік-экономикалық мәселелері талқыланған. Кәсіподақ мүшелері жалақысының 1 пайызы ай сайын ҚТЖ кәсіподақ орталық кеңсесіне аударылып, оның белгілі бір бөлігі Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының бюджет есебіне түсіп отырады да, кәсіподақ мүшелерінің
еңбек шығындарының шығысына, мәдени-спорттық, тағы да басқа шараларға жұмсалады.
Сөз болып отырған мерзімде осы шараларға 17 миллионға жуық қаражат жұмсалыпты. Оған қоса былтыр Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің 80 жылдығы мен кәсіподақтың 30 жылдығы аталып өтіп, оған да кәсіподақ тарапынан қомақты қаржы жұмсалған.
Жиында сөз сөйлеген Мақат, Ганюшкино, Құлсары станцияларының цехкомдары, бюджет комиссиясының өкілдері кәсіподақ жұмысына қанағаттанарлық баға берді. Ал бөлімшенің кәсіподақ төрағасын сайлау бойынша екі үміткер дауысқа салынды. Олар – Атырау станциясының бас инженері Б.Жиенбетов пен Атырау локомотив пайдалану депосы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Б.Хамиев болды. Нәтижесінде басым дауыспен Боранбай Хамиев Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. Ал Н.Нұрышев өз өтінішімен басқа жұмысқа ауысты.

Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Атырау