You are currently viewing Сарайшыққа саяхат

Сарайшыққа саяхат

  • Post category:Новости

Қазан – қамқорлық айы. Соған сай Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ өкілдігімен қарттарға арнап ұйымдастырылған шаралар легін ай бойы жалғастыруда.
Өткен аптада қазақ тарихы мен мәдениетінде өзіндік орны бар Сарайшық мемориалды кешеніне саяхат сапары сәтті болды. Елуге тарта ардагер автобуспен Махамбет ауданы, Сарайшық ауылына барып, жаңа үлгіде жасақталған кешенді аралады. Кешен қызметкерлерінің Сарайшық тарихы туралы қызғылықты әңгімелерін тыңдап, содан соң жеті хан жерленген жерге барып әулие ағаш басында болып, құран оқыды.
Зейнеткер-теміржолшылардың демалысы бата беру және мақал-мәтел сайысына ұласты. Көнеден қалған көсем сөздердің тиегі ағытылып, ұрпаққа үлгі асыл сөздерден маржан шашылды. Бата беруден сағыздық Тоқтарқұл Нұғыманов, мақал айтудан Аманжол Шоқанбаев озып шығып, сый-құрметке ие болды. Арнайы жайылған ақ дастархан басында қарттар әңгіме-дүкен құрып, өткен-кеткенді еске алысып, бір жасап марқайып қалды.
Қосұйым Мұқашев