You are currently viewing Тілсіз жаумен күрес жалғасуда…

Тілсіз жаумен күрес жалғасуда…

  • Post category:Новости

Бүгінде бүкіл ел назары шығыста. «Семей орманы» табиғи резерватында маусымның 8 күні басталған алапат өртпен күрес жалғасып жатыр. Жағдай әлі де күрделі. Жексенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына келіп, апат ауқымын көзімен көрді.
Барша республика жұртшылығының қабырғасын қайыстырар зор қайғыға душар еткен тілсіз жау 60 мыңнан астам гектарға жуық орман алқабын қызыл жалынға орап, өртпен күрестің алғы шебінде жүрген 14 орманшы қаза тапты. ҚР Президентінің Жарлығымен маусымның 12 күні – жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Мемлекет басшысы өрттен қаза тапқандардың жақындарымен жүздесіп, көңіл айтты. Сондай-ақ Президент Жарлығымен орын алған төтенше жағдайда көрсеткен жанқиярлығы үшін олардың барлығы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қазіргі таңда өртті сөндіру жұмыстары үш бағытта жүргізілуде. Өртпен күреске 1500 адам, 14 тікұшақ қатысуда. Жағдай әлі де күрделі саналады. Алдын ала жасалған болжам бойынша орман өртінің тұтануына найзағай себеп болған. Ауа температурасының аса жоғары болуы мен аңызақ жел апаттың тез өршуіне алып келген. Алғашқы тәуліктің өзінде-ақ жергілікті орманшылармен бірге ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ЭТРМ және атқарушы органдардың күштері жұмылдырылғанымен, апатты жою ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Оған күшейген желдің әсерінен өрттің сәт сайын бағытын өзгертуі кедергі болған.
Маусымның 9 күні жарияланған жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты Семей станциясындағы өрт сөндіру пойызы толық дайындық сапында. Семей ЖТ бөлімшесінің азаматтық қорғаныс бөлімі де шұғыл жағдайда әрекет етуге дайын тұр.
Алапат өрт дәл қазіргі күндері теміржол нысандарына, пойыздар қозғалысына қауіп төндіріп тұрған жоқ. Апат аймағынан шамамен 130-160 шақырымдай қашықтықта орналасқан Суықбұлақ – Шар телімінің бойын желдің бағытымен жеткен қою қара түтін басқанымен, тепловоздар жүрісіне кедергі тудырмады. Пойыз диспетчерлері жағдайды толық бақылауда ұстауда. Апаттан зардап шеккендер арасында теміржолшылар жоқ, дегенмен өртке жақын орналасқан елді мекендер тұрғындары арасында теміржолшылар бар. Олар қазіргі таңда отбасымен қауіпсіз орындарға көшірілген. ТЖМ деректеріне сүйенсек, үш бағытта таралған өрт жақын елді мекендерге де қауіп төндірген. Алайда, авиацияның іске қосылуымен қауіптің беті сейілді. Сақтық мақсатында Қаштақ, Успенка, Талица сынды елді мекендер тұрғындары Семей қаласы мен Бородулиха ауылына эвакуацияланды.
Қазіргі таңда төтенше жағдай режимі аясында теміржол нысандарын бақылау, өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары күшейтілген. Жағдай Семей ЖТ басшысының бақылауында.
Сондай-ақ семейлік теміржолшылар қауымы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Аманат» партиясының ұйытқы болуымен материалдық жәрдем жасауды қолға алды.Оған қоса «Ақ Ертіс» қоғамдық қорына да ерікті түрде қаржы аударуды бастап кетті.

Қуаныш Қожаев