You are currently viewing ШАҒЫН СТАНЦИЯДАҒЫ ШАЙБАЛЫ ХОККЕЙ

ШАҒЫН СТАНЦИЯДАҒЫ ШАЙБАЛЫ ХОККЕЙ

  • Post category:Новости

Өткен сенбі күні Сарышаған станциясындағы теміржол мекемелері арасында шайбалы хоккейден жарыс өтті. Мектеп көшесіндегі атшаптырым алаңдағы мұз айдынында өткен жарыс жергілікті теміржолшылар үшін нағыз спорт мерекесі болды.

Жалпы, Сарышаған станциясы Қарағанды облысының аумағында орналасқанымен, ондағы темір жол мекемелерінің дені Жамбыл бөлімшесіне қарайды. Дегенмен, жарысқа Қарағанды және Жамбыл бөлімшесіне қарасты станциялардан теміржолшылар қатысты.
Жамбыл облысынан Сарышаған, Ағадыр станциялары және Қарағанды облысынан Приозерск қалашығы және Ақтоғай, Ақжал станцияларынан барлығы алты команда келді.
Жарысқа Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымы демеушілік жасап, спортшылардың сол күнгі ыстық тамағын ұйымдастырып, барлық жағдайларын жасады. Көк мұз үстінде сынаптай сырғанаған болат жолдың майтал мандары кәнігі ойыншылардай өнер көрсетті. Өзара жарысқан командалар ойыннан өздері де ерекше ләззат алғандарын жасыра алмады. Нәтижесінде Приозерск командасы жүлделі бірінші орынды, Сарышаған құрама командасы екінші, Ағадыр станциясы үшінші орынды иеленіп, кубок, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Сарышаған белгі беру және байланыс дистанциясы кәсіподағының төрағасы Ермахан Абуталиповтің айтуынша, енді спорттың осы түрін дамыту мақсатында жыл сайын жарыстар ұйымдастырып тұру дәстүрге айналмақ.

Ерман ӘБДИЕВ, Сарышаған
Суретті түсірген автор