You are currently viewing Тұрмыстық зорлық-зомбылық өзекті мәселеге айналды

Тұрмыстық зорлық-зомбылық өзекті мәселеге айналды

  • Post category:Новости

Семей ЖТ бөлімшесінде қыз-келіншектердің басын қосқан мән-мағынасы ерекше жиын өтті. Салалық кәсіподақ ұйытқы болған іс-шараға теміржолшы әйелдер қауымы, жергілікті полиция қызметі мен «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.
Осы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында еліміз бойынша өтіп жатқан «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған семинар-тренинг «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбына арналды. Жиынның беташарында «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов сөз алып, басқосудың маңыздылығын жайында айтып өтті.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық өзекті мәселеге айналды, оның алдын алу шаралары дүниежүзілік деңгейде қолға алынып отыр, – деген Есен Асқарұлы теміржолшылар арасындағы жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, бұл бағытта ардагер теміржолшы Нағима Мойынбаева бастаған кәсіподақ қызметкерлерінің еңбектері ерекше екендігін жеткізді.
Жиында тәртіп сақшылары және әйелдер мен балалар құқығын қорғау жұмыстарын жүргізуші қоғамдық қор өкілдері сөз алып, тақырып аясындағы негізгі өзекті мәселелерге тоқталып, ресми статистика, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте қабылданып жатқан шаралар, қолданыстағы қылмыстық және әкімшілік заңнама нормалары кең көлемде түсіндірілді.
Сонымен қатар қолданыстағы сенім телефоны туралы ақпарат жеткізілді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, профилактикалық акцияны өткізу кезеңінде облыс көлемінен 137 қоңырау түсіпті. 11 күн ішінде полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылыққа жол берген адамдармен 130 жеке профилактикалық шара жүргізген. Оның ішінде 105 қорғау ұйғарымы шығарылып, 11 ерекше талап белгіленіпті. Сол тәрізді 9 отбасы профилактикалық есепке қойылған. Учаскелік полиция инспекторлары ішкі істер органдарында есепте тұрған 1500-ден астам адамды тұрғылықты жері бойынша тексеріп шыққан.