You are currently viewing СЕМЕЙДЕ «ҚҰРҒАҚ  ПОРТ» САЛЫНАДЫ!

СЕМЕЙДЕ «ҚҰРҒАҚ ПОРТ» САЛЫНАДЫ!

  • Post category:Новости

Өткен жұма күні Абай облы- сына ресми жұмыс сапарымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді.
Жергілікті жұртшылықпен өткізілген жиын барысында ел Президенті теміржолшылар қауымы үшін де тың міндеттер жүктейтін, таяу болашақта атқарылуы тиіс бірқатар мәселелерді атап көрсетті.

Соның ішінде осыған дейін арнайы жоба ретінде қолға алынған Аягөз-Бақты-Шәуешек теміржол желісін салу мен облыс орталығы Семей қаласынан көлік-логистикалық орталық салу мәселесін баса айтып өтіп, ел Үкіметіне, аймақ басшылығына нақты тапсырмалар берді
«Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұр, Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы керек. Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады.
Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту қажет. Халықаралық маңызы бар күрежол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны үш жылда салып бітіруге тиіс. Сондай-ақ, аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді
тапсырамын», – деді көпшілік алдындағы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сөз орайында айта кету ләзім, Семей ЖТ бөлімшесі бойынша облыс мәртебесін қайтадан иеленген аймақта логистика мәселелері күн тәртібіне қойылуда. Бұл ретте жергілікті теміржолшылар тарапынан мемлекеттік деңгейдегі жаңа жобаларды жүзеге асыру шаралары тың қарқынмен қолға алынып жатыр.
– Семейден «құрғақ порт» салу мен Аягөз-Бақты теміржол телімін төсеу мәселесі жергілікті теміржолшылар үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Президент алдымызға тың міндеттемелер қойып отыр. Қайта жанданған аймақтағы көлік дәлізін дамыту – уақыт талабынан туындап отырған жайт, – дейді бұл орайда Семей ЖТ бөлімшесінің логистика және жүк тасымалын ұйымдастыру бөлімі мамандары.

Қуан ШӘКЕН,
Абай облысы

Суретті түсірген автор