You are currently viewing Тәуелсіздік күніне орай Қызылордада спорттық сайыс өтті

Тәуелсіздік күніне орай Қызылордада спорттық сайыс өтті

  • Post category:Новости

Еліміздің Тәуелсіздігі күніне орай Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы «Ел тыныштығы отбасынан басталады» деген тақырыпта спорттық сайыс ұйымдастырды.
Әнұранмен басталған жарыста сөз алған Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ибраким Басықараев пен «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов көпшілікті алдағы ұлық мерекемен құттықтап, жарыста сәттілік тіледі. Спорт секторы Бақытжан Имбергенов бүгінгі сергектік сайысына түскелі тұрған отбасылық құрама командаларды жарыстың шарттарымен таныстырып, қазылық жасады.
Ата-ана және олардың балаларынан құралған командалар үстел теннисінің ракеткасымен шарикті кедергілер арасымен алып жүру, шеңберді белге салып жүгіру, доппен жүгіру, арқанмен секіріп кедергілер арасынан өту, команда мүшесінің бойына шеңберді жинау секілді сынақтардан өтті. Қызылорда теміржол вокзалының кезекшісі Амангүл Қарымсақова, Қызылорда қалпына келтіру пойызының кран машинисі Жандос Жүрсінов пен Қызылорда өртке қарсы күрес пойызының шебері Абзал Берденовтің отбасылық командалары өзара бақ сынасты.
Үш команда да осал емес екен, жеңісті қолдан бермеуге ұмтылған отбасыларды бір-бірінен бөліп жару мүмкін болмады. Сондықтан сайыс нәтижесінде үш құрама командаға да кәсіподақ ұйымы тарапынан дайындалған жүлделі сыйлықтар табыс етіліп, бәрі де жеңімпаз деп жарияланды.
Сабырхан Сейілбекұлы