You are currently viewing Табиғи апат аумағынан келгендерге қызмет етуде

Табиғи апат аумағынан келгендерге қызмет етуде

  • Post category:Новости

Өткен жұмада су тасқыны салдарынан Атыраудың Жылыой ауданынан Маңғыстауға эвакуацияланған халық теміржолмен де, автокөліктермен де тасымалданып жатты.
Түбек халқы төтенше апаттан жан сауғалап жеткен көрші облыс жұртшылығын құшақ жая қарсы алып, барынша қолдау көрсетуде. Олардың қатарында Құлсарыдан тоқсан шақырымдай қашықта орналасқан Опорная станциясына келген үш жанұяның 15 адамына өз төрінен орын берген Опорная станциясының бастығы Ерболат Ақоразов та бар. Эвакуацияланғандардың көбі Құлсарыға жақын болғандықтан ауылынан алыстағысы келмей, сол жерде қалғанды жөн көреді екен. Алғашқы лекпен екі жүз адам келсе, жұма-сенбі күндері олардың саны 1600 ге жетіпті. «Келгендердің кейбірлері қалауына қарай өзге ауыл-қалаларға кетіп жатыр. Олардың керек-жабдықтарын түгендеп, пойызға шығарып салудамыз», дейді станция басшысы.
Опорнаядан бері қарай Бейнеу станциясында да сол жағдай. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, сенбі күнінің өзінде 14 мыңнан астам адам Бейнеудегі ауылдарға орналастырылыпты. Көлігі бар жергілікті халықпен бірлесе теміржолшылар да Құлсарымен екі ортада қатынап, суға қарсы бөгет жасауға атсалысып, уақытша орналастыру пункттерінде қызмет көрсетіп жүр. Құлсарыға көмекке алғашқылар қатырында аттанған вагон қараушы, еріктілерді басқарып жүрген Жандос Бектілеуовтың айтуынша, қазір аудандық еріктілер тобы белсене жұмыс істеуде. Олардың қатарында түрлі саладан және теміржолдың ПЧ, ШЧ, ДС, депо және басқа да мекемелерінен жігіттер бар.– Жылыойда су таси бастағаннан мұнайшы Ахан Дауыстыұлы екеуіміз ортақ чат ашып, аудан әкімін, қажетті қызметтерді кіргізіп, көмек қолын жинай бастадық. Азаматардың қолдауымен 10 мың қап, күректер алып суға қарсы бөгет жасауға аттандық. Жігіттеріміз Құлсарының төртінші, жетінші ауылдарына бөгет қоюға қатысты. Жолға шыққан көліктерді «Ақжолды» газ құю бекеті тегін жанармаймен қамтамасыз етті. Жол бойы ауыл азаматтары барынша қолдау көрсетіп жатыр. Көлігі, мүмкіндігі барлар күн-түн демей, Құлсарыдан кіреберістегі бекетке жиналған адамдарды алып келуде. Ешкім қол қусырып отырған жоқ, ел басына күн туғанда етігімен су кешіп жүрген халық көп, – дейді Жандос Бектілеуов.
Бейнеудегі локомотив айналым депосының ұжымы да эвакуацияланған жандарға өз қызметін ұсынуда. Теміржолшылардың демалыс үйі мен «Ақсалим» спорт залы және «ҚазАвтоЖол» мекемесін де уақытша паналау орталығына айналдырып, көшіп келгендерге жылы орын беріп, ас-су ұсынды.
«Біз, теміржолшылар мен еріктілер су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге жылы орын жасақтап, жылқы сойып, қазан көтеріп, ас-су әзірледік. Бейнеуге тек кешегі күні 6500-ден астам адам келді», – дейді Бейнеу айналым депосынынң машинисі Арал Батыр.
Айтуынша, олар өз алдына штаб құрып, кезекшілік ұйымдастырып, сол жерде тұрып жатқандардың керек-жарағын түгендеп отырған көрінеді. Олардың Маңғыстау депосындағы әріптестері де қарап қалып жатқан жоқ. Бейнеуге қаржылай қолдау көрсетіп, автожолдардың жабылуынан жолда тұрып қалғандарға көмектесуде.
Бейнеу станциясының ұжымы да станция бастығы Есет Хайруллиннен бастап, табиғи апат аумағынан келгендерге қызмет етуде. Ауданға бас сауғалай келген жандарды үйіне алып кетіп, күтімін жасап жатқан жайлары бар. Үстірт станциясындағы тұрғындар мен теміржолшылар да төтенше жағдайда тосыннан келген екі жүз адамды қабылдаған. Әлеуметтік нысандарда тағы да қосымша орындар дайындалған.
Жылыойлықтар Маңғыстау станциясына да жеткізілуде. Жексенбі күні екі жүзден астам адам Маңғыстау вокзалына Атырау – Маңғыстау пойызынан түсті. Оларды Мұнайлы ауданының әкімі күтіп алып, біразын өз өтініштері бойынша Қарақия ауданына жеткізуге, біразын қонақүйден әзірленген бөлмелерге орналастыруға мұрындық болды. Сондай-ақ, Құлсарыдағы апатқа байланысты Бейнеудің Қоркөл станциясына да 473 адам келіп, 50 үйге орналастырылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша азаматтарды қабылдау үшін 83 мың адамға есептелген 200 ден астам эвакуациялық пункт ашылған. Облыстың климаттық ерекшеліктеріне орай өзендер мен көлдердің болмауына байланысты мұнда су басу қаупі жоқ. Дегенмен Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Данияр Елшібаевтың мәлімдеуінше жаман айтпай жақсы жоқ, кез келген жағдайға дайын отырған көрінеді.
Шахида Жұман