You are currently viewing Тарлан теміржолшы зейнетке шықты

Тарлан теміржолшы зейнетке шықты

  • Post category:Новости

Жаңа жыл қарсаңында тағы бір тарлан теміржолшы зейнетке шықты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ бастауында тұрған танымал теміржолшылардың бірі, техника ғылымдарының докторы Аспан Қажығұловты зейнет демалысына шығарып салуға компания басшылығы мен локомотив шаруашылығы департаментінің еңбек ұжымы келді.
Теміржолдағы еңбек жолын Алматы локомотив депосында цех бригадирі болып бастаған Аспан Қайыртайұлы аз жылда депо бастығының орынбасары, бас инженер, Аягөз депосының бастығы, компанияның локомотив шаруашылығы басқармасының бастығы, Локомотив департаментінің бастығы, «Ремлокомотив» кәсіпорны басшысы, Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы, ҚТЖ вице-президентінің кеңесшісі, «Локомотив сервис орталығы» АҚ президенті, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Өскемен филиалының бас инженері, Қазақ жол қатынастары университетінің проректоры, ҚТЖ компаниясы басқарма төрағасы орынбасарының кеңесшісі сынды лауазымды қызмет сатысынан өткен майталман. Соңғы қызмет орны «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының кеңесшісі қызметінен зейнеткерлікке шықты.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов тарлан теміржолшының отандық теміржол саласының дамуы жолында абыройлы қызмет атқарғанын айта келе, алдағы өміріне бақыт тіледі. Әріптестері ардагер теміржолшыға шапан жауып, естелік сыйлықтарын ұсынды. Салада 45 жылдан астам уақыт еңбек еткен «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері ғалым ретінде өндіріспен қатар ағартушылық тұрғыда да атқарған қызметі зор. Саладағы тәжірибесіне сүйеніп, бірнеше кітап жазған.
Райхан Рахметова