Вы сейчас просматриваете Жамбыл: зейнеткерлерге көмек

Жамбыл: зейнеткерлерге көмек

  • Рубрика записи:Новости

10 қазан – Кәсіподақтар күні мен Халықаралық мүгедектер күніне орай Жамбыл ЖТ бөлімшесі мен кәсіподақ ұйымының қолдауымен бірқатар зейнеткерлерге материалдық көмек көрсетіліп, азық-түлік себеті таратылды.
Бөлімше директоры Айдын Сеитбенбетов пен кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Серік Наурызбаев және кадр бөлімінің бастығы Меруерт Баймұрзаева ардагерлердің шаңырағына арнайы бас сұғып, хал-жағдайларымен танысты. Ұзақ жыл Жамбыл бөлімшесіне қарасты мекемеде еңбек еткен зейнеткер Лидия Соловьева бүгінде облыстық №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында тұрады. Мамандандырылған әлеуметтік қызметке мұқтаж жан өзін арнайы іздеп келген теміржолшыларды көріп көзіне жас алып, риза болып қалды. Бөлімше басшысы бастаған топ бұдан кейін тағы екі ардагерге амандаса барып, азық-түлік себетін тапсырды.
– Кәсіподақ ұйымы жыл сайын мүмкіндігі шектеулі, жалғызілікті, арнайы әлеуметтік қызметке мұқтаж зейнеткерлерге азық-түлік себеттерін таратамыз. Қарттар күніне орай 185 ардагерге де осындай көмек көрсеттік. Шуда – 200, Таразда – 220 еңбек ардагеріне бастауыш кәсіподақ ұйымдары тарапынан дастархан жайылып, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұндай шаралар Қаратау мен Түрксіб станцияларында да жалғасын тапты. Жалпы саны 800-ге жуық ардагер теміржолшыны қамтыдық, – дейді Серік Наурызбаев.
Бүгінгі таңда Жамбыл бөлімшесінің есебінде тұрған 1900 зейнеткер бар.