You are currently viewing Жаяу жүргіншілер көпірі салынады

Жаяу жүргіншілер көпірі салынады

  • Post category:Новости

Осы жыл Жаңғызтөбе станциясының тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Алдағы уақыттарда кентті екіге бөліп жатқан теміржол желісінің үстінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынатын болды.
Бес мыңға тарта халқы бар Жаңғызтөбе кентін байырғы Түрксіб магистралі қақ бөліп жатыр. Аурухана, әкімдік, мектеп, балабақша, дәріхана, ірілі-ұсақты дүкендер кенттің шығысында қалғандықтан батыс бөліктегі тұрғындар желіні жаяулап кесіп өтуге мәжбүр. Бұл әсіресе қарт адамдар мен аяғы ауыр әйелдерге, балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпті. Жел өтінде орын тепкен елді мекенде жай күннің өзінде қарлы бұрқасын борап тұрады. Таяқ тастам жер көрінбейтін ақ түтекте адамдардың пойыз астына түскен жағдайлары да орын алған. Жаяу жүргіншілерді орнынан енді қозғалған жылжымалы құрамдар басып кеткен қайғылы жайттар да талай болды.
Тұрғындардың ұзақ жылдардан бері айтып келе жатқан мәселесі осы, яғни теміржолдан өтетін көпір салу еді. Жуырда Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежанов бастаған арнайы комиссия құрылып, Жаңғызтөбеден жаңа көпір салу мақсатында бірқатар жұмыс жүргізді. Бұл оңайға түспейтін мәселе екен. Мысалы, теміржол көпірі салынатын тұс, яғни желі бойындағы инженерлік коммуникацияларды қайта қарастырып, кейбірін ауыстыру қажеттілігі туындайды. СЦБ және байланыс құрылғылары мен электр кабельдері, әуедегі желілер түгел есепке алынады. Сол тәрізді кірме жолдар түйіспесі мен жолшылар жұмысына кедергі келмеуі тиіс. Қазіргі таңда жобаның техникалық негіздемесі әзірленуде. Ол құжатта зерттелінген барлық мәселелер тыңғылықты қамтылатын болады. Бұл орайда комиссия жұмысының алғашқы қорытындысы дайын. Онда көпір салу барысында ескерілуі тиіс көптеген мәселелер зерделенген. Оның барлығы сызбанұсқада қарастырылатын болады. Комиссия жұмысы бойынша әзірленген хаттамада айтылғандай, станция басында ғимараттардың тығыздығы себепті жер үстінен салынатын жаңа көпірдің ұзындығы 91 метрден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ көпірдің үш нұсқасы әзірленіп, ЦЖСТех қарауына ұсынылатын болады. Ал дирекция келісімін алған соң, жоба өндіріске жіберіліп, құрылыс жұмыстары басталады. Көпір салынатын жер вокзал ғиамаратынан аса қашық емес. Тұрғындар үшін барлық қолайлылық, қозғалыс қауіпсіздігі толықтай ескерілген.
Кент тұрғындары тілегін орындауда 8-ші шақырым депутаты, Жарма өңіріне белгілі династия өкілі Жаңғызтөбе станциясының бастығы Азамат Нұрғалиевтің де күш салғанын айта кеткен орынды.
– Ұзақ жылдардан бергі айтылып келе жатқан мәселе шешімін табатын болды. Қазіргі таңда көпір салынатын жер нақтыланды. Желі бойындағы барлық теміржол мекемелері бірлесіп жұмыс атқаруда. Құжаттамалық жұмыстар аяқталған соң, сәтін салса, көпір құрылысы басталмақ, – дейді Азамат Нұрғалиев.

Қуаныш Қожаев