You are currently viewing Жолаушыларға сыйлық таратылды

Жолаушыларға сыйлық таратылды

  • Post category:Новости

Республика күні қарсаңында мерекеге орай 24 қазан күні «Қазкөліккәсіп» ҚБ кәсіподағы Атырау өкілдігінің ұйымдастыруымен Атырау вокзалы перронында №691 «Атырау-Ақтөбе» пойызының жолаушыларына дәм таратылды.
Атырау жүк тасымалы және магистральды желі бөлімшелері, «Қазтеміртранс» АҚ Атырау филиалы кәсіподақ ұйымдары бірлесіп өткізген акция жолаушылардың көңілінен шықты.
Сыртында «Қазкөліккәсіп», 25 қазан – Республика күні деп жазылған кішкене қорапқа құрт пен жент, бауырсақ, құрма, «Қазақстан» шоколады салынған. Сондай-ақ бәліш, тәтті тоқаш, басқа да дәмдер жолаушыларға ұсынылды.
Пойызға мінуге асыққан жолаушылар дәмнен ауыз тиіп, қолына бір қорап сыйлығын алып, рахметін жаудырды. Олардың арасында қарттар мен жастар, Атырауға жарысқа келген баскетболдан ұлттық құрама ойыншылары, отын алдындағы борышын өтеп, еліне кетіп бара жатқан солдаттар, т.б. бар.
Жолсеріктер де дәмнен құралақан қалмады, оларға да, вагонға отырған жолаушыларға да кәсіподақ қызметкерлдері вагон ішін аралап, дәмнен үлестірді.
Вокзал кассасының бастығы Ажар Ахметованың айтуынша аталған пойыз вагондарына 420 жолаушы міну керек болса, соның 80 пайызына билет сатылыпты.
Перронда «Атамекен», «Менің Қазақстаным», басқа да ұлттық патриотты әндер ойнатылып, Атырау станциясының бастығы Алтай Көбегенов, кәсіподақ төрағасы Боранбай Қамиев жолаушыларды дауыс зорайтқыш арқылы Республика күнімен құттықтап, сәт-сапар тіледі.