You are currently viewing «Жолаушылар тасымалы» АҚ да жаңа ұжымдық шартқа қол қойды

«Жолаушылар тасымалы» АҚ да жаңа ұжымдық шартқа қол қойды

  • Post category:Новости

Жаңа жыл алдында «Жолаушылар тасымалы» АҚ және «Қазкәсіпкөлік» ҚБ арасында 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша Салалық келісімге қол қойылды.
Маңызды құжатқа қол қою рәсіміне «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов пен «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев қатысты.
Көлік кәсіпорындары жұмысын жетілдіріп, теміржол көлігі саласындағы жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуді қамтамасыз ететін негізгі құжат алдағы үш жылға арналған.
Жиын барысында «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев ҚТЖ құрамындағы ең ірі компания «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бұған дейінгі келісімшарт бойынша барлық мінтеттемелер орындалғанын жеткізді.
«Бұл ұжымдық шартқа бірқатар жаңа пункттер енгізіліп отыр. Олардың бәрі теміржолшылардың әлеуметтік-еңбек мәселесін қорғауға бағытталған, сала қызметкрелерінің игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Оны әзірлеуге «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның қызметкерлері де үлес қосты», – деген О.Ахметбаев компания ұжымына алғысын жеткізді.
Өз кезегінде ЖТ басшысы Жәнібек Тайжанов «Қазкөліккәсіп» ҚБ ұжымын келе жатқан жаңа жыл мейрамымен құттықтап, қоғамдық ұйымның көлік саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғауда үлкен тірек болып отырғанын айтты.
«Жаңа ұжымдық келісім-шартты әзірлеу барысында қаншама пікірталастар болды, қанша қолдан өтті және оны жетілдіре түсу үшін қанша ұсыныс айтылып, көп күш жұмсады. Ұжымдық шарт уақыт өткен сайын жетілдіріліп, жаңа тараулармен толығып келеді, бастысы ол теміржолшыларымыздың игілігі жолында жұмыс істеуі керек», – деді Ж.Тайжанов.
Жәнібек Тайжанов осындай келелі істі атқарып шыққаны үшін «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев пен «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеевке алғыс хат табыстады.