You are currently viewing ҚАМҚОРЛЫҚТАН КЕНДЕ ЕМЕС!

ҚАМҚОРЛЫҚТАН КЕНДЕ ЕМЕС!

  • Post category:Новости

Қарттар үйінен пана тапқан қариялар өкінішке қарай, аз емес. Батыс Қазақстан облысындағы осындай орталықтардың бірі бірнеше жылдан бері теміржолшылар жиі бас сұғатын орынға айналды. Себебі 75 жастағы теміржолшы Котова Татьяна Ивановна он жылдан асты осында тұрады.

Батыс Қазақстан темір жолының Переметное станциясында инженер-техник болып ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан Таня әжейдің бүгінде теміржолшылардан басқа жақыны жоқ. Оны әлеуметтік орталыққа іздеп келетін, жағдайын сұрап хабарласатындар да кешегі әріптестері. Осы аптада Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің директоры Серғали Жайлаубай
бастаған бір топ теміржолшылар қарттар үйіне арнайы келіп, Татьяна Ивановнаны қуантты. Өткен қарттар күнімен құттықтап құшағын гүлге толтырып, азық-түлік себетін қоса тарту еткен теміржолшы әріптестерінің сонау Ақтөбеден ат арытып
келгеніне риза болған Таня әжей алғысын айтып, көз жасын сығып алды.
«Кешегі теміржол тарихының көзі тірі кейіпкері – қарттарымыз қандай құрметке де лайық. Маңдай терін төгіп, осы шойын жолдың дамуы үшін еңбек еткен жанның қарттар үйінде тұрып жатқаны біздің де қабырғамызға батады.
Сондықтан Татьяна Ивановнаның жиі көңілін аулап, хабарын алып тұруға тырысамыз, әр мерекеде ұмыт қалдырмаймыз», – дейді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің директоры Серғали Аманғалиұлы. Татьяна Котова 1947 жылдың 16 азанында Беларусь елінде көп балалы отбасында туған екен. 1961 жылы Саратов облысына қоныс аударады. 1968 жылы тұрмысқа шығып, БҚОның Бәйтерек ауданы Переметное ауылына келіп, біржолата тұрақтап қалған. Қазақстанда ешбір жақын туысы қалмаған Татьяна Ивановна 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап Переметное ауылындағы қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықта тұрады.


Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе