You are currently viewing ҮЗДІК ЕҢБЕК ӘУЛЕТІ – ТЕМІРЖОЛШЫЛАР

ҮЗДІК ЕҢБЕК ӘУЛЕТІ – ТЕМІРЖОЛШЫЛАР

  • Post category:Новости

Ата Заң мерекесі қарсаңында елордада «Еңбек жолы» байқауының қалалық кезеңі мәреге жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Биыл конкурсқа қатысуға 31 өтінім қабылданған. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік еңбек әулеті»
номинациясында бірінші орынды – Бурлиновтер әулеті иеленді.

Қала әкімдігінде өткен қорытынды жиында байқау марапатын Бурлиновтер әулетінің үшінші буыны Жанболат Бурлинов алды. Ол қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясының Телекоммуникация және байланысты дамыту департаментінің менеджері болып жұмыс істейді. – Тоғыз жолдың торабы Ағадырда туған мен үшін темір жол саласы таңсық емес еді, атам мен әжем темір жолда көп жылдар тер төккен. Ес білгелі туып өскен үйім мен теміржол вокзалына апаратын жол арқылы атам мен әжемнің артынан ергенім, олардан естіген әнгімелерім, вагондардың дауысы осы саланы таңдауыма себеп болды. Еңбек жолымды 2008 жылы бастадым. Бұл саладағы жұмысым – заманауи телекоммуникациялық жүйелерді енгізу, жаңа сандық технологияларды қолдана отырып, байланыс желілерін басқару және жұмыстарын жүргізу, – дейді Жанболат. Әулеттің теміржолдағы көшін бастаған үлкен атасы Кенжеш Бурлинов Қарағанды облысы Киік станциясында вагон бақылау пунктінде 30 жыл жұмыс істеген. Одан туған 9 баланың алтауы теміржолшы болыпты. Солардың бірі – Жанболаттың өз атасы Балта Бурлинов Ағадыр станциясында ТЧ мекемесінде электр қозғалтқышты жөндеу слесарі болып 36 жыл еңбек еткен. Әжесі Мәскен 31 жыл жүк қабылдап-тапсырушы болған. Қажырлы еңбегі еленіп, «Адал еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ал Жанболаттың әкесі Төлеген өмір бойы машинист көмекшісі болған. Әкесінің әпкесі мен інісі де бірі депода, бірі әскерилендірілген күзетте жұмыс істеген. Мейрамбек ағасының баласы Нұрсұлтан Бурлинов – Ағадыр станциясының ЭЧ мекемесінің бастығы, ол бүгінде «ҚТЖ-100 жас есім» жобасының қатысушысы. Бурлиновтер әулетінің теміржолдағы жалпы жұмыс өтілі ресми түрде 117 деп есептелгенмен, бұл – тек баба, ата, бала, немере, әулеттегі төрт адамның жиынтық стажы. Ал әулеттің барлық мүшесін, яғни басқа да бауырларын қоса есептегенде олардың еңбек өтілі 150 жылдан асады. Арғы аталары салған жолды жалғап келе жатқан үлкен әулет бүгінде тармақталып, бірнеше буынға жалғасқан. Биыл мамыр айында басталған байқау еңбек әулеттерін ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды танымал етуге және атадан балаға жалғасқан кәсібилік дәстүрді нығайтуға бағытталған. Қалалық кезеңнің жеңімпаздары енді «Еңбек жолы» конкурсының республикалық кезеңіне қатысып, елорданы таныстырады.

Райхан Рахметова, Нур-Султан
Суретті түсірген автор