You are currently viewing ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕН ҰТАДЫ!

ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕН ҰТАДЫ!

  • Post category:Новости

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесіндегі кәсіподақ ұйымының төрайымы Айша Қалағанова өңірдегі әр теміржолшы отбасымен таныс десек, артық айтпаймыз.

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы 21-разъезде туып өскен кейіпкеріміз мектеп бітірген соң теміржол
институтын бітіріп, еңбек жолын 1998 жылы Ақтөбе теміржол басқармасының жол шаруашылығында бастайды. 2000
жылдардан кейін Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі құрылып, жаңа бөлімге қызметке шақырылады. Техникалық,
өндіріс бөлімдерінде қызмет атқарып, 2007 жылы кадр бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. 13 жыл бойы Ақтөбе, Орал аймағы бойынша кадр қызметін басқарды. Тәжірибелі жан әр теміржолшының әлеуметтік жағдайымен сол кезден таныс.
2020 жылы көпшіліктің таңдауымен магистральдық желі бөлімінің кәсіподақ төрағасы болып тағайындалады. Ұзақ
жыл кадр бөлімін басқарғандықтан бұл қызметті ұршықтай иіріп алып кетті. «Әр қызметкердің әлеуметтік жағдайымен таныспын. Барлық көпбалалы отбасылардың тұрмысымен, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған әріптестеріміздің жағдайынан хабардармын. Саладан еңбек демалысына кеткен ардагер теміржолшыларды да назардан тыс қалдырған емеспіз. Кәсіподақ қызметі де осы – халықтың әлеуетін арттыру жолында қызмет ету», – дейді ол.
2020 жылы Пойыздар қозғалысын бір жерден басқару орталығын Ақтөбе қаласынан ашу, бес өңірдің диспетчерлерін көшіру, орналастыру, әлеуметтік жағдайына көмектесу жұмыстарына белсене араласқан қызметкерлердің бірі Айша
Қалағанова індет кезінде кәсіподақтың жұмысын төтенше жағдайға көшірді деуге болғандай.
«Пандемия кезінде жасалған жұмыс шаш етектен. Коронавирустан қорғану жұмыстарына барынша күш салдық.
Қолдан келгенін де, тіпті келмегенін де жасауға ұмтылып, кейін қызметкерлердің денсаулығын қалпына келтіруге
көп көмек көрсетілді. Қазір кәсіподақ қызметінің 30 жылдығына орай қауіпсіздік аясында ұжымдар арасында
байқау өткізіп жатырмыз. Үздіктер орталық кәсіподаққа жіберіліп, республика бойынша жеңімпаз анықталады», –
дейді Айша Қалағанова. Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінде жасалып жатқан жұмыстарға теміржолшылар да, сала ардагерлері де белсене араласады. Түрлі спорттық шаралар тұрақты өтеді. Теміржолшылар арасында бірнеше футбол командалары бар. Спорт кешендерімен келісімшарт арқылы теміржолшыларға бассейнге, фитнес залға бару мүмкіндігі
қарастырылған.
Осындай жұмыстардың ортасында ұйымдастыру қабілеті зор Айшадай арудың жүргені қандай жақсы. Ал ұйымдастыра білген ұтады.


Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе
Суретті түсірген автор