You are currently viewing Ардагерлер Құрметті теміржолшы Қаматай Тоқабаевты еске алды

Ардагерлер Құрметті теміржолшы Қаматай Тоқабаевты еске алды

  • Post category:Новости

Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай теміржол станциясында Құрметті теміржолшы Қаматай Тоқабаевқа арналған естелік бұрыш ашылды. Темір жол майталманы осы станцияда жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеп, басшылық еткен.
Ұлы Отан соғысының ардагері әрі Құрметті теміржолшы Қаматай Тоқабаев осы ауылда туып, өскен және ауылдың көркеюіне үлес қосты. Ол 1942 жылы 18 жасында соғысқа қабылданып, Сталинградт түбіндегі ұрысқа түседі. Ал, 1945 жылдың мамырында Жеңіс күнін Берлинде қарсы алады. Соғыс аяқталғанымен оны елге жібермей Праганы фашистерден азат етуге аттандырады. Осылайша жырақта жүрген қазақ баласы 1947 жылы ғана туған еліне оралып, кейін жарты ғасырдай уақыт темір жол саласында қызмет етеді.
Теміржолшының есімі бұл ауылға кеңінен танымал және осы ауылдың өркендеуі үшін атқарған еңбегі жастарға үлгі. Ардагер 2014 жылы өмірден өткен. Көп ұзамай Бабатай станциясының қабырғасына Құрметті теміржолшының құрметіне ескерткіш тақта қойылады. Осы жолы балалары мен немерелері жиналып аталған станцияға темір жол майталманының өмір жолына қатысты құжаттар мен деректерді табыстап, естелік бұрышын ашты. Еске алу сапарын Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сания Әбдірахманова теміржолшының балаларымен бірге ұйымдастырды.
Салтанатты жиынға Құрметті теміржолшының ұрпақтарымен қатар Ардагерлер кеңесінде бірге жұмыс істеген әріптестері жиналып, ол кісінің еңбектерін сөз етті. Сондай-ақ телім зейнеткерлері игілікті істі атқарғаны үшін С. Әбдірахмановаға алғыс айтып, ісіне табыс тіледі.
«Қаматай Темірбекұлы зейнетке шығып, Ардагерлер кеңесіне келген соң онымен бірге жиырма жылдай жұмыс істеппін. Ол кісі өте талапшыл еді және қай жерде болмасын тәртіптің сақталуын қадағалайтын. Бәріміз кесте бойынша жұмыс істейтін едік. Кішкентай станцияларға дейін барып жағдайларын тексеріп, ондағыларға барынша көмектесетін. Ол кісінің жұмыста болмай қалуы, тіптен бір сағат кешікті деген жағдай мүлде болмайтын. Жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарады. Адамгершілігі мол, жақсы адам еді. Қазір жұмысына бар жан-тәнімен берілген ондай адамдарды табу қиын», – дейді ардагер Дариға Алпашева.
Станциядан ашылып отырған ескерткіш бұрышы осы ауылда өсіп келе жатқан жеткіншектердің Құрметті теміржолшы жайлы естіп білуіне және оның еңбектерімен танысуына жол ашпақ. Сол себепті де ардагердің ұрпақтары теміржолшыға қатысты деректерді станцияға әкеліп тапсырған.
«Ардагердің есімі Аршалы ауданы, тіптен Астана қаласына да кеңінен танымал, сыйлы кісі болды. Ардагер үнемі қоғамдық жұмыстарға атсалысып, елдің гүлденуі жолында еңбек етті. Оның атқарған еңбегі өсіп келе жатқан жастарға үлгі боларлық, сол себепті бүгінгі естелік бұрыштың ашылуы өте құптарлық іс», – дейді Бабатай ауылының тұрғыны Дәмеш Даниярқызы.
Құрметті теміржолшының ортаңғы қызы Майра әкесінің өте қайратты адам болғанын, жастайынан соғысқа аттанып, одан келген соң үлкен еңбекке араласып елдің қамын ойлағанын атап өтті.
«Әкеміз 18 жасқа толғанда майданға аттаныпты. Жоғары білімі болмаса да көзі ашық, сауатты адам еді. 90 жасқа келгенге дейін газетті көзілдіріксіз оқитын. Көп жыл осы Бабатай станциясында жұмыс істеп, басшылық қызметке дейін өсті. Оның тағы бір қасиеті адамдарды жақсы көретін, олармен тезірек кездескісі келіп тұратын, сол себепті ерте тұрып жұмысына аттанатын. Ардегерлер кеңесінде жүргенде адамдардың қамын көп ойлады, сол үшін басшыларға кіріп, оларға көмек қолын созуды талап ететін. Сөйтсе басшылар оны «бірбеткей адам, жұмысын бітіріп беріп құтылайықшы» деп азар да безер болады екен», – деп еске алады қызы.
Қаматай Тоқабаевтың бір ұл, төрт қызы болыпты. Ұлы ертеректе көз жұмған, екінші қызы әке жолын қуып теміржолшы болған, өкінішке қарай ол кісі де қазір бақилық болыпты.
Салтанатты жиын барысында Ардагерлер кеңесінің өкілдері Бабатай станциясының жұмысына сәттілік тілеп, станция басшысы Виктория Бугинованы алғысхатпен марапаттады.

Әділет Мұсахаев