You are currently viewing Астанада корпоративтік волонтерлер бас қосты (Фото)

Астанада корпоративтік волонтерлер бас қосты (Фото)

  • Post category:Новости

Кеше ҚТЖ-да компанияның ерікті жастарының басын қосатын Корпоративтік волонтерлер мектебінің форумы шымылдығын түрді. Алғаш рет өтіп отырған бұл форумға еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ең үздік деген 120 волонтер теміржолшы қатысты.
Астана іргесіндегі Қоянды ауылында орналасқан «Золотой фазан» демалыс аймағында өткізілген іс-шараны компанияның Әлеуметтік саясат департаменті ұйымдастырды. Форумның ашылуына компанияның ғана емес, сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері де қатысып, сөз алды, жастарға сәттілік тіледі.
25-26 қыркүйекте өткен екі күндік басқосу бағдарламасына сәйкес еріктілер «Волонтерлік бастамалар: тәсілдері және тәжірибесі» тақырыбында панельдік пікірталаста ой бөлісті. Сонымен қатар «Жыл волонтері» байқауының таныстырылымы өтіп, соның аясында еріктілер 5 номинация, яғни «Үлкендерге жанашырлық», «Балаларға қамқорлық», «Табиғатты қорғау», «Қоғам мен ортаның дамуы», «Спорт және денсаулық» аталымдары бойынша марапатталды. Топтарға бөлініп, түрлі тақырыптарда тренинг, тимбилдингтерге, ойындарға қатысып жатқан жастардың волонтерлік мектебінен үлкен әсерде екені байқалып тұрды.
Волонтерлер форум аясында инклюзив, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмек, эковолонтерлік бағыт бойынша «Таза» ойындар, яғни экологиялық жастар жобасы барысында командалық эко-квестерге қатысты. Соның шеңберінде қоқыс тазарту және сұрыптау жөнінен командалық жарыстар өткізілді.
Сондай-ақ «Теміржол білгірлері» зияткерлік ойынына қатысқан еріктілер білімі мен ақыл-ой ұшқырлығын да көрсетті. Форум аясында еріктілер осы сала бойынша жобалар ұсынды. Соның ішінен ең үздік 8 жоба таңдап алынды. Оларды алдағы уақытта жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Райхан Рахметова