You are currently viewing Кәсіподақтың рөлі айрықша

Кәсіподақтың рөлі айрықша

  • Post category:Новости

«Қазақстан салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» ҚБ Орталық Кеңесі төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитовтың Ақтөбеге сапары барысында атқару комитетінің отырысы өтті.

Онлайн және офлайн форматта өткен жиынға Батыс филиалының кәсіподақ төрағалары түгел қатысып, биылғы жылы жаңадан қабылданған Ұжымдық шартты талқылады. Теміржолшылардың жағдайын жақсартуға бағытталған мәселелер сөз болды.

«Кәсіподақ жұмысы көзге көп көріне бермейді. ҚТЖ мен оның еңбек ұжымы арасындағы алдағы үш жылға арналған Ұжымдық шартқа теміржолшылардың игілігіне қызмет ететін бірқатар қосымшалар енгізуге күш салып, үлкен жұмыс атқардық. Бүгінде ол еңбек ұжымдары арасында жан-жақты таныстырылып жатыр. Мысалы, енді жас мамандарға қолдау көрсетуге ерекше мән беріледі. Олар кішкентай станцияларда тұрақтап қалу үшін көтерме қаржы 25 АЕКтен 40 АЕК-ке дейін өсті. Сонымен қатар Бурабайдағы шипажайға теміржолшыларға шектеу алынады. Енді жалақысының қанша болғанына қарамастан алдағы уақытта теміржолшылардың бәріне шипажайға жолдама берілетін болады», – деп ұжымдық шарттағы кейбір өзгерістерге тоқталған Жұпарбек Сәбитов, теміржолшылардың өздеріне тиесілі әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалануын назарда үстауда кәсіподақтың рөлі айрықша екенін жеткізді.

Батыс аймақтық филиал төрағасы Ғабит Садықов жаңа Ұжымдық шарт қолданыстағы еңбек заңнамасының шеңберін кеңейтіп, еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қосымша қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді. «Бүгінгі таңда кез келген ұжымда еңбек қатынастары, теміржолшылардың денсаулығына, отбасындағы жағдайға байланысты қолдау көрсету өзекті саналады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қашан да кәсіподақ назарында», – деді.

Суретті түсірген автор