You are currently viewing Машинистер үйі жөндеуден өтті

Машинистер үйі жөндеуден өтті

  • Post category:Новости

Астана локомотив пайдалану депосының машинистері мен машинист көмекшілеріне арналған Локомотив бригадаларының демалыс үйі жөндеуден өткізілді.
Елорданың Сарыарқа ауданында орналасқан демалыс үйінің меңгерушісі Салтанат Тайтулиеваның айтуынша, бүгінгі таңда мұнда 102 жатын орын бар.
Жалпы ауданы 1500 шаршы метрлік екі қабатты ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, іші-сырты ақталып-сырланып, ішінара есіктері ауыстырылып, санитарлық торабы жөнделіп, төсектері мен жаймалары жаңартылған. Сонымен қатар ішке киетін жаңа аяқ киімдер, әр машинистке жеке дара жатқанда киетін киім, орамалдар алынған.
– Тәулігіне бізге локомотив бригадаларының 160-қа жуық машинистері мен олардың көмекшілері келіп, 4-6 сағат ұйықтап тынығады. Астанаға келіп келесі рейске дейін осында демалатын бригадалар бағдар парақшасын әкеп кезекшіге тапсырады, кезекші оның келгенін белгілеп қояды. Машинистер киім ауыстырып, душ қабылдап, тамақ ішіп алған соң бөлмелеріне барып жатады. Шағын асханада оларға ақылы түрде түрлі тағамдар пісіріліп, дайын тұрады. 34 бөлменің жартысы екі адамдық, жартысы 4 адамдық, – дейді меңгеруші.
Мұнда негізінен Ерейментау, Бурабай курорты, Қарағанды, Есіл локомотив деполарының бригадалары келеді. Демалыс үйінде машинистердің сырттан әкелген тамақтарын қоюға арналған тоңазытқыш пен кір жуатын машина да бар. Тәулік бойына демалыс үйінің 19 қызметкері 4 адамнан 4 ауысымда жұмыс істейді. Бір ауысымда меңгерушімен қатар, кезекші, душ қабылдау бөлмесінің жұмысшысы, төсек-орынға жауапты қызметші шығады. Төсек жаймалары әр бригада кеткен сайын жаңартылып, жуылып отырады.
– Алдымен машинист көмекшісі болдым, соңғы жылдан бері машиниспін. Қарағанды станциясынан елордаға жүк пойыздарын әкелемін және кері қайтарда осы демалыс үйіне келіп, кемінде төрт сағат демаламыз. Мұнда аптасына 3 рет келемін.
Жағдайы толық жасалған, асханасында кез келген уақытта ыстық тамағы дайын, төсек-орындары таза. Жайлы ұйықтап,тынығып алуға еш кедергі жоқ, – дейді біз кездестірген машинист Жалғас Махмут.
Аталған демалыс үйіне айына 4,3 мыңнан астам теміржолшылар келіп тоқтайды.
Райхан РАХМЕТОВА,
Астана
Суретті түсірген Сара САХЫНБЕК