You are currently viewing Балаларға экскурсиялық тур ұйымдастырылды

Балаларға экскурсиялық тур ұйымдастырылды

  • Post category:Новости

«Қазкөліккәсіп» ҚБ жылдағыдай жазғы маусымда теміржолшылардың балаларына арнап Астанада экскурсиялық тур ұйымдастырды. Турдың бірінші кезеңі 27-29 маусым аралығында өтіп, оған Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, Павлодар және Шығыс Қазақстан мен Семей облыстарынан келген 60 бала қатысты.
Үш күндік сапардан тұратын турға теміржолшылар арасында қызмет ететін көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 10-13 жас аралығындағы балалар іріктеледі. Олардың елордаға келгеннен кейін қонақүйде тұруы, үш мезгіл тамағы, қалада серуендеуі, қарсы алу, шығарып салу, т.т. шығындары Сала кәсіподағы арқылы қаржыландырылады.
Астанаға саяхат кезінде балалар алдымен «Бәйтерек» монументін тамашалап, сосын Есіл өзенінде кемемен серуендеді, пицца дайындау бойынша шеберлік сабағына қатысып, фитнес орталықтағы бассейнге барды. Турдың екінші күнінде олар қаладағы кинотеатрлардың бірінен кино көрді, ал түстен кейін Окенариум мен Ұлттық музейді аралады. Кешке балаларға ойын, ән мен би және жарыстардан тұратын аниматорлардың шоу бағдарламасы ұсынылды. Ал соңғы күні олар ЭКСПО аймағындағы «Нұр Әлем» болашақтың музейіне барып, Астанадағы сапарын аяқтады. Осы жолғы экскурсия кезінде «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев балалармен кездесіп, оларға уақыттарын көңілді өткізіп, жақсы демалуларына тілек білдірді.
– Астанаға саяхат – 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатыр. Бұл бірінші кезекте теміржолдың дамуы үшін аянбай еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүрген сендердің ата-аналарыңның арқасы. Осы саяхаттан ерекше әсер алып, жақсы көңіл-күймен қайтасыңдар деп ойлаймын. Алдағы жаңа оқу жылына жаңа күш-қуатпен кірісіп, сабақтарыңды жақсы оқып, оқуда озат болуларыңа тілектеспін, – деді кәсіподақ басшысы.
Мұндай танымдық турдың екінші кезеңін кәсіподақ өкілдері биыл тамыз айында өткізуді жоспарлап отыр.

Сұлугүл Бакесова