You are currently viewing Екпінді ст. электрлік орталық жаңартылды

Екпінді ст. электрлік орталық жаңартылды

  • Post category:Новости

Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының теміржолшылары жаз маусымында басталған кешенді шаралардың нәтижесінде Екпінді станциясында модульдік электрлік орталықтандыру (ЭЦ) қосынын іске қосты. Осылайша бекетте заманауи кейіптегі жаңа нысан пайда болды.
Бұған дейін қолданыста болған Электрлік орталықтандыру қосын 1973 жылы пайдалануға берілген. Биыл Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі мен аталған дистанция басшылығының ұйғарымымен ескі нысан жаңаланды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ибраким Басықараев, ардагерлер атынан Мақсұт Майкелдиев, дистанция басшысы Аман Кубенов, ұжымның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Қожахметова мен Нұрлан Жәнібеков қатысып, теміржол көлігі қызметінде маңызды орны бар орталық қосынының ашылуымен әріптестерін құттықтап, жұмыста сәттілік тіледі. Нысанның ашылу салтанатында сөз алған Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ибраким Басықараев аз уақыт ішінде үлкен іс тындырып, ерек еңбектерімен танылған үздік теміржолшыларға алғыс айтып, марапаттады.
Электрлік орталықтандыру қосынын жаңа орынға көшіру – ауқымды әрі шеберлік пен біліктілікті қажет ететін аса жауапты жұмыс. Ескі ғимараттағы релелік стативтерден бастап басқару таблосына дейінгі әрбір байланыс құралының өз ретімен ауыстырылып, жаңа нысандағы орнына ретімен орналастырылуы қыруар жұмыс қана емес, асқан кәсіби шеберлікті де қажет ететіні белгілі. Дегенмен бар ғұмырын аймақ теміржолын өркендетуге арнаған сырбойылық теміржолшылар бұл ауқымды жұмыстарды да еңсере білді. Уақытпен санаспай жұмыс жасаған әріптестерінің білім, пайымына, шеберлігіне тәнті болған құрметті теміржолшы Нұрлан Жәнібеков атқарылған жұмыстардың сапасына ризашылығын білдірді.
– Басшылықтың ұйғарымымен станциядағы СОБ қондырғалары жаңа модульдік ғимаратқа көшірілді. Бұл ауқымды жұмыстың дәл, нақты және кәсіби деңгейде жүргізілуіне аға электромеханиктер Дәурен Қожахметов, Рүстем Жасыбеков, Нұрлан Аймахан және Қалмахан Увашевпен бірге жұмыс жасаған әріптестерімнің барлығының көп еңбегі сіңді. Олардың уақытпен санаспай еңбек етуі, білім-біліктілігі, тәртіпке бағынған ұстанымдары нысанды дер уақытында жаңартып жаңғыртуға ықпал етті. Телімдерден өткізілетін жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыруға қосқан біздің ұжымының кішкене болса да үлесі жемісті нәтижесін береді деген ойдамыз, – дейді Құрметті теміржолшы Нұрлан Жәнібеков.
Сабырхан Сейілбекұлы