You are currently viewing Іріктеу туры өтті

Іріктеу туры өтті

  • Post category:Новости

Қызылорда станциясында «ҚТЖ» компаниясының 25 жылдығы мен «Қазкөліккәсіп» ҚБ-ның 30 жылдығы аясында бильярдтан іріктеу кубогы өтіп, қос жолдама сарапқа салынды.

Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан бөлімше басшысы Батырхан Базарбаев пен бас инженер Күлхан Белкібаев құттықтау сөз сөйлеп, іріктеу турының әділ өтіп, жолдамаға нағыз тастаяқ шеберінің ие болуына тілектестік білдірді. Турнирге қазылық жасап, төрелік айту бильярд кешенінің қожайынына тапсырылды.

Іріктеу турына қатысуға ниет білдірген 18 үміткер жеребе арқылы қарсыласын таңдап, сегіз столда бір мезгілде ойын басталып кетті. Үстел үстінде шашылып жатқан бильярд шарларын қалтаға ертерек түсіруге тырысып, бар шеберліктерін, шапшаңдық пен ептіліктерін жұмсап жатқан ойыншылар арасында тастаяққа тәп-тәуір төселгендер көп екен, түске қарай кіл шеберлер іріктеліп қалды.

Кәсіподақ ұйымының белсенділері әзірлеген түскі астан кейін ойын әрі қарай жалғасты. Бұл жолғы ойыншылар тек жеңіске үміткерлер еді. Бір-бірінен шеберлік асырып, ұзақ аңдасқан тартысты ойын мәреге де жақындады. Өрт сөндіру пойызының ойыншысы Есен Қосанов 3-орынды иемденді. Ал Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының ойыншысы Мейрамбек Шинтахов пен Қызылорда локомотив пайдалану депосының үміткері Бауыржан Бәйімбетовтің арасындағы шешуші ойын аса тартысты өтіп, машинистер ұжымының өкілі жеңімпаз атанып, жолдаманы жеңіп алды.

– Бұл іріктеу турына тек Қызылорда станциясында орналасқан салалық мекемелердің теміржолшылары қатыс- ты. Оларға ешқандай шектеу болған жоқ. Іріктеу турнирінің жеңімпазы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін ақтық сында аймақ теміржолшыларының атынан сынға түсетін болады. Турнир жеңімпаздарына қаржылай сыйлық пен диплом берілді. Мұндай спорттық шаралар алдағы күндері өзге станцияларда да өткізіледі, – деді «Қазкөліккәсіп» Қызылорда филилалы төрағасы Бауыржан Ахметов.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,

Қызылорда

Суретті түсірген автор