Лагерге барады

  • Post category:Новости

Маңғыстау теміржолшыларының балалары биыл жазғы лагерге барады. Пандемия кесірінен екі жылдан бері жазғы демалыстары тоқтап қалған бүлдіршіндер қуанышында шек жоқ…

Балалар шілде және тамыз айларында еліміздің бірнеше облысына аттанбақ. Басым бөлігі Ақтөбедегі жазғы сауықтыру орындарына барады. Аталған мүмкіндікті Маңғыстау жүк тасымалы қосалқы бөлімі бойынша – 206, магистральды желі бөлімшесінен – 123 бала пайдаланады.

Сонымен қатар, қосалқы бөлім бойынша Ақтөбе облысына бірінші лекте 59, екіншісінде 60 бала аттанады. Олар Campit.kz лагерінде 15-28 шілде, 30 шілде-12 тамыз күндері аралығында демалысын өткізеді. Бурабайдағы «Лесная сказка» демалыс орнында – 62, әсем Алматыдағы «Спутник» лагерінде – 25 бала қызықты күндерін өткізеді. Оңтүстік астанаға жол тартатындар 22 шілде-4 тамыз аралығында болады. Ал Маңғыстау магистральды желі бөлімшесінің балалары тамыз айының басында жолға шығады. Бұл балақайлар Ақтөбедегі «Шұғыла» лагерінде он күн көңілді уақытын өткізбек.

Шахида Жұман, Маңғыстау