You are currently viewing Мұрағатқа мұқият көзқарас қажет

Мұрағатқа мұқият көзқарас қажет

  • Post category:Новости

Мұрағат кабинетінің есігін айқара ашқан кейіпкеріміз әңгімесін «Архив – тарихтың тамыры ғой» деп бастады. Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің архив қызметкері Сәнімгүл Меңдібаеваның пікірінше, өскелең ұрпақ өткен тарихымызды танып өтсін десек, мұрағатқа мұқият көзқарас қажет.
Ол бөлімшедегі әр құжаттың мұқият сақталуына жауапты. Мұрағат бөліміне жеткізілген әр папканың араласып кетпеуін қадағалап, мұқият түптейді. Жылдар бойы жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған ақпараттық қазынамен жұмыс істеп, оның сақталуын қадағалап отыр. Құнды құжаттардың жалғыз жанашыры болса да көпке біліне бермейтін, кей жағдайда елеусіз қалатын мамандардың бірі. Оның себебі, айтуынша, темір жол секілді өндірістік салада архив, кітапхана сынды салалар қосалқы һәм көмекші роль атқаруы заңдылық.
– Бөлімшедегі барлық құжаттарды архивке дайындаймын. Келген папкаларды тегістеп, ретімен орналастырудың өзі үлкен жұмыс. Әр құжат – бір тарих. Толассыз келіп жатқан әр қағазда маңызды шешімдер, атқарылған жұмыс бар. Олардың құндылығы өз алдына, қауіпсіздігін де назарға аламыз, – дейді өз жұмысына берілген мұрағатшы маман.
Сәнімгүл Меңдібаева алдында тұрған аппаратты жеке дара таныстырды. Бір қызығы, көненің көзімен әлі күнге өзі жұмыс істеп отыр екен. Ол бұл аппараттармен 1986 жылдан бері таныс. Ол кезде Батыс темір жолы болған Ақтөбеде «Болат жол» және «Стальная магистраль» газеттері қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрған. 4 мыңға жуық данамен 20 жыл бойына теміржолшыларға тараған басылым магистральдың өмірін жан-жақты баяндап, елеулі жаңалықтары мен маңызды оқиғалардан хабардар етіп отырды. Сәндігүл сол редакцияның қызметкері болған.
– Ол кезде «Болат жолы» мен «Стальная магистраль» газеттерінің беделі сұмдық болатын. Теміржолшылар әр апта сайын газеттің шыққанын күтетін. Екі газеттің редакциясында отызға жуық адам еңбек еттік. Кейін газет жабылғаннан кейін редакция қызметкерлері жан-жаққа тарадық. Мен архивке кеттім. Қазіргі жұмысымда қолданатын мына аппаратпен кезінде газет киятынбыз. Қазір құжаттарды тегістеп қиямын, тігемін, қанша жыл өтті, тоқтаусыз жұмыс істеп тұр, – деді түрлі аппараттар тұрған бұрыштың алдында.
Құжаттарды нығыздап түптейтін аппарат та істен шықпапты. Екі аппаратты да қолданып отырған кейіпкерміз сол кездегі редакция жұмысын сағынатынын да жасырмады.
– Газет шығатын күндері жұмыс қайнап жататын. Ол кезде компьютер жоқ, үлкен машина болды. Әр әріпті қолмен тереміз. Линотипист, беттеуші болып әр әріпті қойып, сөздерді түсіреміз. Қорғасын темірлер ыстық боп тұратын. Талай қолымыз күйді, – деді ол тартпаларда әлі күнге сақталған газет әріптерін көрсетіп.
Теміржолшылар отбасынан шыққан Сәнімгүл Болатқызы атакәсіпті жалғастыруға мүмкіндік берген жұмысына дән риза және электрондық құжатайналымға көшіп, мұрағат назардан тыс қалмаса екен дейді.

Ардақ Ерубаева