You are currently viewing Махамбет станциясы жоспар үдесінен табылуда

Махамбет станциясы жоспар үдесінен табылуда

  • Post category:Новости

Атырау аймағының экономикалық өркендеуі станциялардың да жаңа негізде жұмыс жасауына жағдай туғызуда. Бұрын Атырау станциясының қосымша маневрлік аймағы ретінде жұмыс істеп келген, қаладан 5 шақырым жерде орналасқан Махамбет станциясы 2003 жылы 2-ші класты дербес станция болып бөлініп шықты.
Станция бастығының міндетін атқарушы Сәлімғали Төлегеновтің айтуынша, бұрын станциядан тәулігіне 90-100 цистерна 3-4 маршрут мұнай тиеліп, жөнелтілетін, ал қазір ондай ағым жоқ. Мұнай «КТК» құбырлары арқылы тасымалданатындықтан вагон саны азайған. 2023 жылғы сегіз айда 2031 пойыз қабылданған, орташа есеппен айына тәулігіне 8 пойыз. Вагонға шаққанда 117908 вагон, орташа есеппен тәулігіне 485 вагон. Жөнелтілген вагон саны 118016, тәулігіне 486 вагон. Пойыз саны 1976, тәулігіне 28 пойыз жөнелтілді. Вагондарға маневрлік жұмыстарды атқаруға Дженерал-Электрик, Эволюшн тепловоздары жұмылдырылады. Станцияда жұп және тақ санды пойыздардың келіп-кетуі, транзитті жүк пойыздарының локомотивін ауыстыру, құрамаларды тарату, жан-жақтан келген салмағы 800 мың тонналық пойыздарды құрастыру, т.б. көптеген жұмыстар атқарылады. Бекет берілген жоспарды толықтай орындап отыр.
Станция бойынша 8 айда 940 вагон жүк тиелді, салмағы 46076 тоннаны құрады. Жүк түсіру 15920 вагонды құраған, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 11940 вагон жүк түсірілді. Барлық өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспар жүз пайыздан жоғары орындалып келеді. Станцияда 9 қабылдау-жөнелту, 92 вагон еркін сыятын 1 тартымдық жол және 1 құрастыру жолдары бар. Вагон паркінің бос тұратын кезі аз, ығы-жығы келіп-кетіп жатқан пойыздар көп. Станция басы, ғимараттың жан-жағы терекке толы, қаладан көп жырақ, су тапшылығын да сезініп қалатын станцияда көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінсе керек. Түнде жарық беріп тұратын 6 матч прожектор бар. Станция кезекшісі күні-түні маневрлік жұмыстардың басталуына орай вагондарды сұрыптау жұмысын жүргізеді. Станцияның бір ерекшелігі, мұнда 100-ге жуық вагоны бар ұзын құрамалы және 9-10 мың тонналық ауыр салмақты пойыздар жиі болады. Оларды сұрыптап, маневрлік жұмыстар жасау да оңай емес.
Станцияға 33 кірме жол келіп түйіседі, жылдан жылға олар көбейіп келе жатыр. Атырау, Мақат, Ганюшкино бағытынан келген пойыздар кірме жолдарда сұрыпталады. Пойыз құрастырушылар бағыттамалы бұрманы бұрып, вагондарды сұрыптауға дайындалуда екен. Станция бастығының айтуынша, кірме жолдарда ешқандай кідіріс жоқ, бос вагондар мен цистерналар кірме жолдарға әкелінеді, ал ол жерден дайындығына қарай тиелген вагондар шығарылады. Мұның бәрі бірыңғай технологиялық процестерге сай жүзеге асырылады. Станция басында ЭЦ қосыны, вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті бар.
Ұжымда жалпы 50-ден астам адам еңбек етеді. Станция кезекшілері, пойыз құрастырушылар, құжат өңдеушілер, тауар кассирлері, тауар қабылдап-жөнелтушілер, сигналист, басқа да мамандар күнде жұмысқа шығар алдында медициналық тексерістен және мақсатты нұсқамадан өтіп жұмыстарына кіріседі.
«Ұжымның орта жасы 35-40 жас деуге болады. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып еңбек етіп келе жатқан ұжымдастардың бірлігі арқасында жұмыс процесі жақсы деңгейге көтеріліп келеді. Станция кезекшілері Р.Қабделов, Н.Адилов, М.Бисенов, пойыз құрастырушылар Т.Бөрібаев, Қ.Аққұлов, құжат өңдеу операторлары А.Амирова, А.Нұғманова, басқа да мамандар өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр», – дейді Сәлімғали Төлегенов.

Қосұйым Мұқашев