You are currently viewing Ұжымдық шартқа қол қойылды

Ұжымдық шартқа қол қойылды

  • Post category:Новости

Кеше «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның жұмыскерлері арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды. Маңызды құжатқа қол қою рәсіміне Компанияның Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов пен «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев қатысты.
Жиын барысында үш жылда бір рет қабылданатын Ұжымдық шартта көзделген әлеуметтік кепілдемелер сөзсіз орындалып, әлеуметтік бағытқа басымдық берілетіні және жұмыскерлердің мүддесін қорғауға
баса назар аударылып отырғаны, ардагерлер мен зейнеткерлерге көп жеңілдіктер қарастырылғаны жан-жақты сөз болды.
– Жаңа ұжымдық шартты әзірлеу барысында 300-ден астам ұсыныс келіп түсті. Оны дайындау үшін мықты тәжірибелі мамандардан жиналған жұмыс тобы құрылды. Олар барлық ұсыныстар мен өтініші-тілектерді елеп-екшеп, сараптай келе, ішінен ең тиімдісін таңдап алғаны сөзсіз. Ұжымдық шартты қабылдау арқылы біз қызметкерлерімізге компанияның басты жауапкершілігі оларды әлеуметтік қорғауға негізделгенін жеткіземіз. Құжат алдағы жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енеді, – деді Қ. Әлмағамбетов.
Кәсіподақ тарапынан сөз алған О. Ахметбаев құжатты дайындау биыл шілде айында басталып, соңғы кезеңіне келіп жеткенін жеткізді.
– Үлкен жұмыс атқарылды. Екі жақтан да жұмыс тобы құрылды. Компания тарапынан топты Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры Марат Шакенов, кәсіподақ тарапынан топты кәсіподақ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов басқарды. Келіп түскен ұсыныстар бойынша біраз пікірталас болды.
Дегенмен екі жақ келісіп, ортақ шешімге келдік. 72 ұсыныс қолдау тауып, жаңа құжат қаржысы 5 млрд теңгеге ұлғайтылды. Басқа салаларға қарағанда біздің Ұжымдық шарт бұрыннан да үлгі етерліктей болатын, қазір жаңа ұсыныстар бойынша бірқатар өзгерістер еніп, одан сайын маңызы мен тиімділігі арта түсті, – деді О. Ахметбаев.
Жаңа Ұжымдық шартта төрт бағытта, атап айтқанда жұмыскерлердің, ардагерлер мен зейнеткерлердің әлеуметтік пакетін жақсарту, еңбекақы төлеу және басқа да шешімдер бойынша өзгерістер енгізілген. Мәселен, 1 қыркүйек Білім күніне орай берілетін материалдық көмек 2 АЕК-тен 4 АЕК-ке көбейтілсе, Мүгедектер күні, Отбасы күні, Балаларды қорғау күнінде берілетін ақша көлемі де бірнеше АЕК-ке көбейтілген. Мұндай материалдық көмек көлемі тағы бірнеше пункт бойынша ұлғайтылған. Жылына бір реттік берілетін мерекелік сыйақы Наурыз мейрамы, Көлік қызметкерлері күні, Республика күні, Тәуелсіздік күнінде 1 ең төменгі еңбекақы көлемінде (85 мың теңге) берілетін болды.
Жиын барысында Ұжымдық шартты әзірлеуге атсалысқан бірқатар қызметкерлер Алғыс хатпен марапатталды.
Райхан РАХМЕТОВА,
Астана
Суретті түсірген
Александр ЖАБЧУК