You are currently viewing Мұражай  қайта ашылды

Мұражай қайта ашылды

  • Post category:Новости

Астана локомотив пайдалану депосының музейі биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында жаңартылып, қайтадан ашылды. Компания бойынша жарияланған Тарих күнінде салтанатты түрде тұсауы кесілген мұражайдың ашылуына депо басшылығы мен кәсіподағы айтарлықтай үлес қосты.

Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, жылыту, жарықтандыру жү- йелері ауыстырылды, өткен ғасырдың ауанын сезінуге мүмкіндік беретін экспозициялар жаңартылды. Қайта құру 8 ай бойы жүргізілді. Тарихи шынайылықты анықтау үшін жұмысқа «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының сарапшылары тартылды. Жаңартылған музейдің ашылу салтанатында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС локомотив шаруашылығы департаментінің бас менеджері Мақсұт Ибраев: «Темір жол — бұл тек бүгініміз емес, өткеніміз бен болашағымыз» деп баға берді.

«Музейді ашу баяғыда жоспарланған болатын, бірақ оған ковидке қарсы шектеулер кедергі келтірді. Тарихты сақтау, әрине, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады», – деп атап өтті депо директоры Дулат Ахмадиев. Жаңартылған музейде үш зал бар, онда сала тарихынан сыр шертетін көптеген құнды артефактілер қойылған. Экспозиция бөлімдері депоның қалыптасуына, Ұлы Отан соғысына қатысқан теміржолшыларға, сондай-ақ теміржолдың қазіргі тарихына арналған. Ақмола тарихын қайта құру бойынша бөлек зал да бар. Әр тарихи кезең үшін арнайы әуен таңдалған. Мәселен, әскери және соғыстан кейінгі кезеңге арналған залда «Вставай, страна огромная!» маршы ойналады. Музей экспонаттарының қатарын пойыз модельдері, құралдар, түрлі құжаттар, т.б. толықтырады. Ең «көнекөз» жәдігер тарихы 90 жылға таяу. Локомотив макеттерін шеберлер ағаштан және металдан ерекше дәлдікпен жасаған. Машинистер мен машинистердің көмекшілері, бұрынғы теміржолшылар музей қорын жинақтауға көп үлес қосыпты. Қазіргі зейнеткер, бұрынғы машинист көмекшісі Далабай Байғожин жарты жыл бойы тарихи фотосуреттер жинаған. Сирек суреттер арнайы фотоальбомға салынған.

Құрметті теміржолшы, машинистердің үшінші буынының өкілі, бұрынғы машинист-нұсқаушы, қазір құрметті демалыстағы Владимир Ульяненко – музей қорының сақтаушысы. Ол – темір жолдағы танымал және құрметті адам.

– Музейіміз 10 жыл бойы жабылып қалды. Бүгін біз оған жаңа өмір сыйладық. Теміржолға келген әр буын артына өз жетістіктерін қалдырып отырады. Жас ұрпақтың міндеті – эстафетаны ары қарай жалғастыру. Әр дәуірдің өз қолтаңбасы бар, ауыр салмақты пойыздар, электрлендіру, әскери кезең, т.т. ең алдымен, еңбек адамы тұр, – деді ол.

Музейде Владимир Ульяненконың жақсы көретін экспонаттары да бар. Мысалы, керосин қыздырғышы немесе ішінде «тінтуір» түріндегі шамы бар белгі беру шамдары. Ең құнды экспонаттың бірі – екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі кеңес халқының ерен еңбегін куәландыратын стахановтық үздік жұмысы үшін берілген Құрмет грамотасы. Музей есігі депо тарихымен танысқысы келетіндерге әрқашан ашық.

Райхан РАХМЕТОВА, Нұр-Сұлтан

Суретті түсірген Құрмет

Жанболатұлы