You are currently viewing Пойыз  кестесі өзгерді

Пойыз кестесі өзгерді

  • Post category:Новости

Елдегі төтенше жағдайға байланысты теміржол арқылы қатынайтын жолаушылардың діттеген жеріне жетуі қиындады. Себебі, 5 қаңтардан бері 23.00 сағаттан таңғы сағат 7.00-ге дейін көше қозғалысына шектеу қойылған.

Атырау теміржол станциясына тəулігіне 4 жолаушы пойызы келіп-кетеді. Ең қиыны – «Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызының келу уақыты – таңғы сағат 5-те. Коменданттық сағатты бұзбау үшін жолау- шылар вокзалға түнеуге мәжбүр. Бұл жағдай таңсәріде пойыздан түсетін жолаушылар үшін қолайсыздық туғызғаны рас. Бұған қоса, облыс орталығынан «Теңіз» кенішіне қатынайтын мұнайшылар да көп уақытын жолда жоғалтатынын айтып шағымданған болатын. Осыған орай, Атырау теміржол бөлімшесі мекемесі жергілікті билікпен бірлесіп, пойыз қозғалысының кестесіне өзгеріс енгізіпті.

– Қазір Атырау теміржол вокзалының қызметі бірқалыпты жұмыс ырғағына түсті. Жолаушылар пойызының келіп-кетуі кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Ал, «Теңіз» кенішіне қатынайтын «Атырау-Құлсары» пойызы бұған дейін таңғы 06 сағат 30 минутта жүрсе, коменданттық сағат енгізілуіне байланысты қозғалу уақыты сағат 09.00-ге ауыстырылды, – дейді Атырау магистральдық желісі бөлімшесі директорының орынбасары Жəнібек Жөнтүрбаев.

Сондай-ақ, облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, коменданттық сағат талабына сәйкес, Атырау қаласына түнгі мезгілде келетін жолаушылар арнайы авто- бустармен тасымалданады. «Жолаушыларды теміржол вокзалы мен әуежайдан қаланың шағын аудандарына, шаһар маңында орналасқан елдімекендерге жеткізу үшін 10 автобус тасымалы ұйымдастырылып отыр», – делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау

Суретті түсірген автор