You are currently viewing ЖЕҢІС –  ЛОКОМОТИВШІЛЕРДЕ!

ЖЕҢІС – ЛОКОМОТИВШІЛЕРДЕ!

  • Post category:Новости

Өткен аптада Семей ЖТ бөлімшесі бойынша алдағы Тәуелсіздік мерекесіне орай спорттық шаралар жалауын көтерді. Байрақты бәсекеге бөлімше бойынша барлық мекемелер қатысуда.

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жергілікті теміржолшылар қауымының сұрауы бойынша алғашқы кезекте шағын футболдан бөлімше біріншілігі өткізілді. Спорттың бұл түрі семейлік сала қызметкерлері арасында кеңінен танымал әрі өңір бойынша жақсы дамыған. Сондықтан болар, бұл жолғы турнирге сақадай сайланып келген сегіз команда өзара сынға түсті.
Салалық кәсіподақтың демеушілігімен өткен жарыстың беташарында сөз алған ұйым төрағасы Алик Досанов барша қатысушыларға жарыс жолында сәттілік тіледі. Төрешінің ысқырығымен бөлімше біріншілігі басталып, жеребе бойынша жарыс жолына шыққан командалар бір-біріне дес бермей алға ұмтылуға тырысты. Өзара қарымта байқасқан командалар арасында Жаңа-Семей станциясы мен ШЧ-29 футболшылары тәп-тәуір ойын өрнегін көрсете білді. Сол тәрізді қарымта шабуылмен көзге түсіп, жанкүйерлерін желпіндіріп тастаған командалар арасында ӘТЖК Семей филиалы мен НЖС ойыншылары да ерекше көзге түсті. Дегенмен финал барысында ойын өрнегі мүлде өзгеріп, тосын жайттар орын алды. Бәзбір жылдары бөлімшенің ғана емес, ұлттық компания бойынша бірнеше мәрте чемпион болған ТЧЭ-24 командасы бұл жолы да суырылып алға шығып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Ал тас қамал берік қорғаныс пен шабуылды үдеткен Жаңа-Семей станциясының футболшылары екінші орынды жеңіп алса, жүлделі үшінші орын экс-чемпион Семей белгі беру және байланыс дистанциясының ойыншыларына бұйырды. Біріншілік барысындағы барлық жеңімпаз командалар арнайы кубокпен марапатталды.
– Тәуелсіздік күні құрметіне өтетін ойындар әлі де жалғасатын болады. Алда тағы да тартысты сәттер бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта қысқы спорт түрінен бөлімше біріншілігін ұйымдастыратын боламыз, – дейді «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы, кәсіпқой футболшы Жанат Мойынбаев.


Абай ЕРТІС, Семей
Суретті түсірген автор