You are currently viewing Шойын жолдың  шежірелі тарихы

Шойын жолдың шежірелі тарихы

  • Post category:Новости

«ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық кеңесінің әкімшілік ғимаратында орналасқан орталық теміржол мұражайы қорында теміржолшы-ардагерлер күшімен жиналған 800-ден астам жәдігер бар. Осыдан 12 жыл бұрын ашылған музей бүгінде теміржолдың арғы-бергі шежірелі тарихынан сыр шертетін орынға айналған.

Құнды жәдігерлер қатарында рельстер коллекциялары, қолшамдар, құрал-аспаптар, теміржол көлігі макеттері, марапаттар, ескерткіш белгілері, жеке құжаттар, тағысын тағы материалдар бар. Музей теміржолдың үш даму кезеңін қамтитын тақырыптық залдардан тұрады. Бірінші залда қазақ даласында теміржолдың пайда болуы, Түрксіб құрылысы көрініс тапқан. Екінші залдан қазақ теміржолының құрылуы, негізгі үш жолдың, яғни Тың, Алматы және Батыс жолдарының қалыптасуы туралы ақпарат алуға болады. Ал үшінші зал Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарында салынған теміржолдарға арналған. Залда 1954-1960 жылдар аралығында тыңның игерілуі, 1958-1977 жылдар аралығында өмір сүрген Қазақ темір жолы, электрлендіру және автоматтандыру кезеңі, сондай-ақ, 1977 жылы үш теміржол басқармасының құрылуы мен қалыптасуы сияқты тарихи оқиғаларға кеңінен орын берген. Музейде тарихи оқиғалар ғана емес, саланың қаһармандары туралы, еңбек даңқы – еңбек ардагері галереясы, сондай-ақ, теміржол әулеттерінің құрметіне мәуелі ағаш сипатында жасалған стенд қойылған.

Мәселен, музейдің бірінші залында қазақтың атақты суретшісі Әбілхан Қастеевтің «Түрксіб» туындысы тұр. Қылқалам шебері әйгілі туындысында, заңғар тау- лардың көркем келбеті, туған өлке төсін еркін жайлаған жұрттан сүйінші сұрап, кең жазира атырапты қақ тіліп, көк түтінін будақтата келе жатқан отарба жаңа дәуірдің салтанат құрған ұлы көші екенін білдіре отырып, уақыт пен заман тынысын көрсетеді. Көпшілік Қастеевті суретші ретінде біледі, алайда, ол еңбек жолын осы Түрксіб теміржол құрылысында жер қазушы болып бастағанын екінің бірі біле бермесе керек.

Бірегей экспонанттар қатарында 1880 жылғы Ресей теміржолдарының облигациялары, 1915 жылғы паровоз тақтайшасы, 1930 жылғы станциялық қоңырау, 20-ғасырдағы жылжымалы құрамға қызмет көрсетушінің мундирі, станция бастығының жұмыс орны, 1951 жылғы жезл аппараты, Морзе телеграф аппараты, 20-ғасырдың екінші жартысындағы механикалық баспа машинкалар, сондай-ақ, 1972 жылы шығарылған 20-30 номерге арналған СТУ 30/72 коммутатор, тағы басқа жәдігерлер бар.

«Мұндай коммутатор Алматы, Ақтөбе музейлерінде де бар. Біздің коммутатор 20-30 линияны автоматты түрде қосқан. Нұсқамасы да бар. Әр номердің үстінде әрбір желінің атауы болған. Шұғыл жағдайда Орталықпен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі болған», – дейді музейге жетекшілік етіп жүрген «Қазпрофтранс» ҚБ филиалының менеджері Ақмарал Молдашева.

Енді бір жерде 1894-1986 жылдар арасында қолданылған рельстерді, бір бұрышта 1904 жылы жапондық технология- мен жасалған құбырдың әлі күнге мұқалмай тұрғанын көріп, таң қаласыз. Ресей темір жолдарының бұрынғы басшысы Якунин мырзаның ҚТЖ-ның 110 жылдығына берген 3 келі 925 пробалы таза күмістен жасалған сыйлығы да көрнекті жерден орын алыпты. Ал анау жерде тыңды игеру кезінде пайдаланған алғашқы астық тасушылар макеті бар.

Тәуелсіз Қазақстан теміржолдары залында егемендіктің 30 жылында орын алған айтулы оқиғалар сыр шертеді. Жаңа жолдардың ашылу салтанатынан алтын жалатылған үлкен символикалық кілттер, Елбасы Н.Назарбаевқа тарту етілген жол жүру билеті, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы кешенінің макеті, тағысын тағы. Ал 2021 жылы музей қорына М.Тынышпаев портреті сыйға тартылып, миллионыншы контейнер макеті сияқты жаңа экспонаттармен толыққан.

Сұлугүл БАКЕСОВА, Нұр-Сұлтан

Суреттерді түсірген

Александр жАБЧУК