You are currently viewing Тараз станциясының ұжымы «Үздік білім» байқауында екінші орын иеленді

Тараз станциясының ұжымы «Үздік білім» байқауында екінші орын иеленді

  • Post category:Новости

Өткен жылы өнертапқыштық жобасын бес адам қорғаған Тараз станциясының ұжымы жыл соңында «Нөлдік жарақатқа қол жеткізу үшін үздік рационализаторлық ұсыныс» аталымында үздік шыққан болатын. Станциялықтар осы жылы да табыстан кенде емес.
Жақында өткен «Үздік білім» байқауында станция қызметкерлерінен жасақталған команда екінші орынды иеленді.
Кластан тыс станцияның теміржолшылары шығысында Шуға дейін – 232 км, батысында Арысқа дейін – 260 км, солтүстігінде Жаңатасқа дейін 180 км жол аралығында бес паркті қамтамасыз етіп отыр. 5 паркте 30 шақты жол тармағы бар. Ал облыс орталығында станцияның қызмет көрсететін аумағы 5,5 шақырым. Бүгінгі күнге дейін тәулігіне 8 вагон жүк артуды және 20 вагон жүк түсіруді қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ станция бойынан Шымкент – Шу, Шу – Шымкент бағытында тәулігіне 40 жұп жүк және 16 жұп жолаушылар пойызы өтеді.
– Станция арқылы жөнелтілетін жүк негізінен көкөніс, металл және гипс өнімдері. «ГРЭС» АҚ және гипс өнімдерін өндіретін «Алина Груп» ЖШС-мен де тығыз жұмыс жасаймыз. Станция Тараз вокзалына жақын орналасқандықтан басты мақсатымыз – қауіпсіздіктің алдын алу. Өйткені жаяу жүргіншілер вокзал маңындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпірге баруға ерініп, станция жанындағы жолаушылар өткелінен өтеді. Облыс орталығындағы «за линия» аталып кеткен аумақта бүгінгі күні 50 мыңнан астам тұрғын бар. Соны ескерсек, бұл – қырағылықты аса қажет ететін шаруа. Оның үстіне жақында оқу жылы басталады. Соған орай жол маңына жақын орналасқан мектептер мен әлеуметтік мекемелерде болып, қауіпсіздік шаралары жайында жиі жиын өткіземіз. Қазір жүк көлемі артып келеді. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз желілік полиция бөлімінің қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс жүргізудеміз. Өткелінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды да қолға алдық, – дейді Тараз станциясы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Құлсариев.
Есепті мерзімде станцияда вагон құрастыру кезінде бір вагон жолдан шығып кеткен. Алайда, адам шығыны жоқ. Дегенмен, техникалық қауіпсіздік және еңбекті қорғауда кәсіподақ ұйымымен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жақында ғана кәсіподақ ұйымының көмегімен жұмыс орнын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында жұмысшыларға тұрмыстық техникалар алынып берілген. Техсабақтар қызметкерлердің жұмыс ауысымына орай айына екі рет – бейсенбі және жұма күндері өткізіледі. Алайда станция басшысы кей мәселелерге алаңдаулы. Ол – болат жолдың бойындағы тал-дарақтарды күтіп-баптау және тазалық мәселесі. Станция территориясындағы теміржол мекемелерімен бекітілген аумақтарда тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргізу, бөтен заттардан тазалау, көктемде тал-дарақтарды қопсытса, күзде қураған бұталарды кесу және қыс айларында қардан тазалау сынды кезек күттірмейтін маусымдық жұмыстар да теміржолшылар мойнында. Сондықтан күзгі комиссиялық байқауға дайындық барысында осы жұмыстарды қолға алып отыр.
Ерман Әбдиев