You are currently viewing Теміржолшылардың балалары тоғызқұмалақ ойнап жарысты

Теміржолшылардың балалары тоғызқұмалақ ойнап жарысты

  • Post category:Новости

Шалқар станциясында теміржолшылардың балалары тоғызқұмалақ ойынынан өткен аймақтық жарысқа қатысып, жүлдеге ие болды.
Кәсіподақ ұйымы ұйытқы болған сайысқа 8-14 жас аралығындағы балалар қатысты. Олар станциядағы ТД-1, ПЧ-8, ВП, ДС, ЛРД, ВРД, ВЖДО, т.б. мекеме қызметкерлерінің балалары. Шалқар станциясы теміржолшылар қалашығы десек болады. Мұнда әрбір екі үйдің бірінде теміржолшы бар. Сондықтан станцияда ұйымдастырылатын шаралардың барлығы теміржолды айналып өтпейді. Қоғамдық жұмыстар мен спорттық шараларда теміржолшылардың белсенділігі жоғары. Кешегі өткен шара – соның дәлелі. Бүлдіршіндер сайыс алдында Әнұран шырқап, ерекше патриоттық көңіл-күймен ойынға кірісті. Бірнеше топқа бөлініп, өзара бақ сынасты.
«Маған тоғызқұмалақ ойыны ұнайды. Бұл жарыстан екінші орын алып, сыйлыққа сөмке алдым. Ұйымдастырған теміржолшы апа-ағаларға рахмет. Тоғызқұмалақ – ойлау қабілетін дамытатын ойын түрі», – деді Іңкәр есімді бүлдіршін.
Теміржолшылар арасында бұқаралық спорттың барлық түрі танымал. Әсіресе тақталы ойын түрлеріне қызығушылық жыл санап артып, балалар арасында түрлі сайыстар өткізу ісі кеңінен жолға қойылған. «Спорттық шаралар барлық станцияларда тұрақты өтеді. Бұл жолы Шалқар таңдалып, тапқырлық пен шеберлікті дамытатын тоғызқұмалақтан сайыс өткіздік. Балалар үшін нағыз мереке болды», – деді спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырхан. Шара соңында жеңімпаздар марапатталып, басқа қатысушылар да құр қол қайтқан жоқ.
Ардақ Ерубаева