You are currently viewing Волейболдан турнир өтті

Волейболдан турнир өтті

  • Post category:Новости

Семей ЖТ бөлімшесінде Қазақстан теміржолының 120 жылдық мерейтойы аясында волейболдан Семей өңірінің біріншілігі болып өтті.
Бөлімше чемпионатының ресми түрдегі ашылу салтанатында арнайы шеру өтіп, бөлімше директорының бірінші орынбасары Ғабит Есқожанов қатысушыларға сәттілік тіледі. Біріншілікке өзара үш топқа бөлінген 9 команда қатысты. Өз топтарында бірінші орын алған командалар бір-бірімен кездесу өткізді. Осылайша алдын ала ойындардың нәтижесі белгілі болған соң соңғы финалдық кездесуге үш команда шықты. Олар өз топтарынан суырылып шыққан НОДГП, ТЧЭ-24 және Жана-Семей станциясы болатын.
Соңғы ойындар қызықты және мейлінше әсерлі болды. Зал толы жанкүйерлер қиқуы әр командаға дем беріп, волейболшылар барын салды. Айта кетерлігі, бұл біріншілікке желі бойындағы барлық мекемелерден дерлік ойыншылар жиналған болатын. Әсіресе, НОДГП құрамында өнер көрсеткен 5-ші класты Жарма станциясының қозғалысшылары ерекше белсенділік көрсетті.
– Ойындар барысында қарымта шабуылдар көп болды. Ешбір команда бір-біріне есе жібермеуге тырысты. Волейбол – семейліктердің сүйікті ойыны болған соң мейлінше тартысты өтті, – дейді бұл орайда Семей ЖТ бөлімшесінің «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Наталья Мешкова.
Есеп бойынша ең көп ұпай жинаған НОДГП командасы бірінші орынды қанжығаға байлады. Ал екінші орынды ТЧЭ-24 волейболшылары иеленсе, үшінші орынды Жана-Семей станциясының командасы жеңіп алды. Барлық жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және кәсіподақ ұйымы әзірлеген сыйлық – сертификаттармен марапатталды.
Қуаныш Қожаев