You are currently viewing Өзін немістен гөрі қазақ санайтын теміржолшы

Өзін немістен гөрі қазақ санайтын теміржолшы

  • Post category:Новости

Құрметті теміржолшы Владимир Викторұлы Шнейдмюллер санаулы күннен соң 75 жасқа толады. Зейнеткер екенін төлқұжаты ғана растамаса, ардагер-теміржолшы тың әрі сергек, жұмыс істеп жүгіріп жүр. Қазір Ресейдің ірі теміржол компаниясы – Трансмашхолдингте техникалық блокты басқарады. Қазақ теміржолына сіңірген жарты ғасырға жуық еңбегін теміржолшы әріптестері, сала басшылығы ұмытқан емес.
Владимир Павлодар облысына қарасты Малайсары ауылында 1948 жылдың 18 қыркүйегінде, сол ауылдың бас агрономы Виктор Ивановичтің отбасында дүниеге келді. Ата-ана махаббатына бөленіп өскен кейіпкеріміздің оң-солын танып, ер жеткен шағында кәсіп таңдауы теміржолға түсті. Ол Павлодар локомотив депосында еңбек жолын слесардің көмекшісі қызметінен бастап, бір жылдан соң машинист көмекшісіне ауысты. 1968 жылы жас теміржолшы Целиноград теміржол көлігі техникумын бітіріп, өзінің туған депосында техник, кейін өлшеу бойынша шебер болды. Бірақ Володяға көп кешікпей әскерге шақыртқан қағаз келді. Жас жігіт екі жыл ел алдындағы азаматтық борышын кеңес-қытай шекарасы Забайкальеде өтеді. Әскерден соң ол Павлодар локомотив депосына оралып, машинист көмекшісі қызметін жалғастырды. Ал 1972 жылы тепловоздың оң қанатына отырып, темір тұлпарды өздігінен тізгіндеді. Бұл жұмысқа жиырма төрт жастағы машинист толық ынта-жігермен кірісіп, жауапкершілік пен қырағылықтың аса қажеттігін сезінді. Владимир Шнайдмюллер тепловоздың конструкциясына ерекше қызығушылық танытып, алып машинаның барлық тетіктерін жан-жақты зерттеді. Оның бұл инженерлік ойлау қабілеті, жеке қорын техникалық біліммен үнемі толықтырып отыруы кейін Владимирге локомотивті басқару пультін депо цехтарындағы жұмысқа ауыстырғанда септігін тигізді. Қарапайым қызметтердің сан қырлы сатысынан көтеріле бастаған Шнайдмюллерге 1976 жылы Павлодар бөлімшесінің локомотив бөлімі бастығының орынбасары лауазымы ұсынылды. Бұл қызметке тұрған бірінші күннен бастап ол өзін дүниетанымы кең, дайындығы мол, білімі терең маман ретінде көрсете білді. Ең бастысы, жұмыстан қорықпады. Кез келген тапсырманы тыңғылықты, мұқият, белгіленген мерзімде орындап беру сияқты қасиеттерімен көзге түсті. 1979 жылы өзінің депосына бас инженер лауазымында оралған Владимир Викторович араға үш жыл салып депоны басқарды.
«Адам – өз тағдырының ұстасы. Егер ол нақты бір мақсат қойып, оған қол жеткізуде талмай еңбек етіп, тер төксе, онда оның жақсы ғалым, инженер, білікті басшы болары сөзсіз. Табысты маманның амбициялары сау болуы керек және ол қарым-қатынасты шешуге емес, нақты бір іске бағытталуы тиіс», – деп ой түйетін Владимир Викторович бұл ұранды өзі де ұстанды. Кейде өндірістік міндеттер одан локомотив депосының инженері ретінде кең және терең ғылыми білімді талап етті. Сондықтан білімқұмар әрі ізденімпаз Шнейдмюллер Омбы теміржол көлігі инженерлері институтында «Теміржол көлігі электрофикациясы» мамандығы бойынша білім алды.
Білімі біліктілігімен жарасқан, сауаттылығы сараптама жасау қабілетімен үйлескен Владимир Шнейдмюллер теміржолдағы жұмысы барысында Нығметжан Исингарин, Әби Сарқыншақов, Юрий Лавриненко сынды теміржол тарландарымен танысып, олардың алдында да ой озықтығымен, білімінің биіктігімен жақсы пікір қалыптастырды.
«Мен Владимир Шнайдмюллермен Павлодарға жұмыс сапары кезінде таныстым. Сол кезде ол локомотив депосында жұмыс істейтін, мені ол көп оқыған білімімен, сауаттылығымен, жағдайды талдап, өзіндік пікір қалыптастыра білетін қасиеттерімен тәнті етті», – деп өз жазбаларында естелік қалдырған болатын Н.Исингарин.
Ал 1996 жылы Владимир Шнайдмюллерді Павлодар жол бөлімшесінің бастығы қызметіне ұсынған Әби Сарқыншақов, оның айрықша қасиеттері ретінде байсалдылық, жоғары атқарушылық тәртіп, әдептілік, адамдармен ілтипатты қарым-қатынасын және өндірістің тамаша ұйымдастырушысы ретінде теміржолшылар арасында әрқашан жоғары беделге ие болған азамат екенін атап өткен болатын.
Павлодар бөлімшесінде кейіпкерімізбен қоян-қолтық жұмыс істеген Қуаныш Котырев Владимир Шнейдмюллердің де, оның әкесінің де қазақ тілін жетік біліп, сөйлегенін еске алады.
Ал Владимир Викторовичтің өзі болса: «Мен неміс тегінен шыққан қазақпын, керек десеңіз мен өзімді найман деп санаймын. Өйткені мен олардың арасында тұрдым. Мен Павлодар облысының Малайсары деп аталған қазақ ауылында дүниеге келдім. Қазақтар арасында өсіп, тәрбиелендім, сондықтан өзімді немістен гөрі қазақ деп санаймын», – дейді әзіл-шыны аралас.
«Мен Владимир Викторовичті ҚТЖ тарихындағы ең талантты бас инженерлердің бірі деп санаймын. Бұл теміржол саласында үлкен беделге ие өте білікті маман. Қазір де оның жетістіктері жеткілікті, ол көптеген жылдар бойы Ресейдің «Трансмашхолдинг» ірі теміржол кәсіпорнының техникалық блогын басқарып келеді. Меніңше, оның бұл биіктерді бағындыруына қазақстандық теміржолшылар арасында кәсіпқой маман және білікті басшы ретінде қалыптасуынан басталды», – деп мерейтой иесі туралы жылы пікірін білдіреді Юрий Лавриненко.
Ал біздің қаһарманымыз болса, теміржолда айрықша ақыл-ойы бар және ерекше мінезді адамдар жұмыс істейтінін және де бұл мамандықты жақсы көріп, оған соңына дейін адал болмайынша, жақсы теміржолшы болу мүмкін еместігін айтады.
Сұлугүл Бакесова