You are currently viewing «Бақты-Аягөз»: Транзиттік әлеуеттің жаңа тармағы

«Бақты-Аягөз»: Транзиттік әлеуеттің жаңа тармағы

  • Post category:Новости

Апта сәрсенбісі шығыстағы теміржолшылар қауымы үшін шынымен сәтті күн болды. Еліміз бойынша Қытайға тартылатын үшінші теміржол желісі «Бақты-Аягөз» тармағының құрылысы ресми түрде бастау алды.
Жаңа тармақтың байырғы Түрксіб магистралімен түйісер тұсында, Аягөз шаһарының іргесіндегі 22-ші жол айрығында өткен салтанатты шараға ҚР Премьер-министрі Әлихан Смаилов телекөпір арқылы қатысып, құрылысты бастауға пәрмен берді.
Тарихи маңызы зор шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма басшысы Нұрлан Сауранбаев бастаған теміржолшылар, сала ардагерлері, «Самұрық-Қазына» АҚ, Көлік министрлігі мен Абай облысы әкімдігінен басшылар қатысты.
Телекөпір барысында ҚР Премьер-министрі еліміздің теміржол саласындағы оң өзгерістер мен Президент тапсырмасы аясында орындалып жатқан шараларға тоқталып, жаңа телімнің тиімділігі жайында да айтып өтті.
– Бақты-Аягөз теміржол құрылысының маңызы зор. 2033 жылға қарай Қытай бағытында қосымша 20 млн тоннаға дейін жүк көлемін тарту жоспарлануда. Бұл жобаның арқасында жүк тасымалының бір бөлігі Бақты-Аягөз теміржол желісіне және «Бақты-Шәуешек» халықаралық шекара бекетіне бағытталатын болады. Жаңа желі бір жағынан Ресей мен Еуропа елдерінің, екінші жағынан Қытай мен Азия, Тынық мұхиты елдерінің арасында транзиттік жүктердің өтуін айтарлықтай ұлғайтады деп болжануда. Магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтитын болады. Жүктерді түсіру-тиеу бекеттерін ашу да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Мұның барлығы Абай облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді. Бұл жоба Қазақстан теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын кеңейтеді, – деді Әлихан Асханұлы өз сөзінде.
Келесі сөз кезегін алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Ермекұлы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Бақты-Аягөз» теміржол телімінің құрылысын бастауға Үкіметбасынан ресми түрде рұқсат сұрады. Осылайша, тарихи сәт – жаңа теміржолдың алғашқы рельс буынын төсеу рәсіміне кезек берілді. Жиылған көпшілік шын мәнінде тарихи оқиғаға куә болды.
Тоқтала кетсек, құрылысы қолға алынған жаңа теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол құрылысы 2027 жылы аяқталып, толық пайдалануға беріледі деп межеленуде.
Сонымен қатар қос жолды жаңа телімнің ұзындығы 272 шақырымды құрайтын болады. Ал осынау алып құрылыс барысында желі бойында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі салынады.
Қуаныш Қожаев